Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысы барысында оқ-дәрі сақтайтын арнайы объектілер маңындағы аймақтар мәселесі талқыланды.
Бізде барлық қоймалар, оқ-дәрі сақтайтын базалар бойынша мәлімет бар. Иә, базалар, қоймалар және арсеналдар жанында тыйым салынған аймақтар мен аудандарды белгілеу ережелерін қайта қарау қажет, - деді Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Мұрат Бектанов.
Оның айтуынша, қазіргі кезде бұл мәселе бойынша жұмыс Мәжіліс депутаттарымен бірге жүргізіліп жатыр.
Бізде маусым айында Арыста оқиғасы болды. Сіздер, нормативтік-құқықтық актілер деңгейінде болсын, қажетті іс-шараларды осы уақытқа дейін әлі де істемегенсіздер. Тағы бір Арыс оқиғасын күтіп жүрсіздер ме? Сіздерде екі категория бойынша ереже бар, бірі – тыйым салынған аймақтар, екіншісі – аудандар. Тыйым салынған аймақтар бойынша 400 метрге дейін, тыйым салынған аудандар бойынша 3 километрге дейін ешқандай объект болмауы тиіс. Алайда бұл ережелер мүлдем сақталмайды. Елімізде 58 оқ-дәрі сақтау объектісі болса, соның 18-інінің айналасында түрлі объектілер бар екен. Олардың көбі өндірістік нысандар, тұрғын үйлер, жол және энергетикалық инфрақұрылым. Басқа сөзбен айтқанда, ереже бар да, ал бақылау тетіктері орнатылмаған, - деді Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин.
Оның айтуынша, бұл мәселелерді шешу үшін жеке заң жобасын әзірлеу қажет.
Заңда әкімдіктерді қару-жарақ, оқ-дәрі сақтайтын базалар мен қоймалар бойынша қауіпсіздік талаптарын сақтауға міндеттеп, олардың жауапкершілігін қатаңдату қажет. Әйтпесе әскери қоймалар жанында, ұшу-қону жолақтары маңында жерді бей-берекетсіз бере береді. Біз заң жобасын әзірлеп, шекаралар бойынша талаптарды қайта қарауымыз керек. Сіздерде, тіпті, қару-жараққа байланысты бұл аумақтар километрмен және метрмен әртүрлі болуы тиіс. Біз Арыста көрдік, бір қоймада 100 метрге де және бірнеше километрге де ұшатын қару-жарақ жатыр. Қайдағы максималды 400 метр? Мұны профильді комитетке әзірлеуді тапсырамын. Заң жобасы осы сессияның соңына дейін қабылдануы тиіс. Қауіпсіздік кеңесінің тапсырмасы бар. 2020 жылдың маусымына дейін заңды түрде қабылдануы тиіс, - деді Мәжіліс төрағасы.