Бас жаңалықтар
Назарбаев Атамқұловқа қазіргі кездегі баса мән берілетін мәселелерді түсіндірді
09 Сәуiр 2019, 16:03 646

Назарбаев Атамқұловқа қазіргі кездегі баса мән берілетін мәселелерді түсіндірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұловты қабылдады. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаевқа министрліктің қазіргі қызметі және алдағы жұмыс жоспары туралы мәлімделді.

Елбасы сыртқы саяси бағытымыздың сабақтастығын қамтамасыз етудің және Қазақстанның стратегиялық серіктестерімен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған шараларды біртіндеп іске асырудың маңыздылығына тоқталды.

"Елімізде елеулі саяси өзгерістер болды. Биліктің қалыпты әрі бейбіт жолмен берілуін қамтамасыз етіп, бүкіл әлемге Конституция аясында әрекет ететінімізді көрсеттік. Бұл – барша жұрт үшін айтулы оқиға. Қазір ең бастысы – осыған дейін қалыптасқан сыртқы саяси бағытымыздан айнымау. Ең алдымен, жақын көршілерімізбен арадағы қатынастарға назар аудару керек. Бұл қатынастар өзара сенімге негізделуге тиіс", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті, сондай-ақ, шет елдерге жасалатын сапарларға және халықаралық іс-шараларға мұқият дайындалу қажеттігін атап өтті.

"Қазіргі таңда мынадай мәселелерге баса мән беру керек. Біріншіден, Оңтүстік Корея Президентінің Қазақстанға сапары. Екіншіден, «Бір белдеу, бір жол» форумына қатысу үшін Қытай Халық Республикасына жасалатын сапар. Сонымен қатар, Еуразия экономикалық одағының мерейтойлық саммитін өткізу үшін жақсылап дайындалу керек. Оның бес жылдығын елордамызда атап өтеміз", – деді Елбасы.

Сыртқы істер министрі Б.Атамқұлов елімізде болған саяси оқиғаларды халықаралық ұйымдардың басшылары оң бағалап жатқанын жеткізді.

"Халықаралық ұйымдардың басшылары Қазақстанның халықаралық міндеттемелерді жүзеге асыра беретініне сенім білдіруде. Әлемдік қоғамдастық Сіздің жаһандық бастамаларыңызды және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесіңізді, соның ішінде ядролық қарусыздану мен ядролық қаруды таратпау ісіне сіңірген еңбегіңізді жоғары бағалауда", – деді Б.Атамқұлов.

Загрузка...

Сізден жаңалық