Наурыз Шотландияда атап өтілді

23 Наурыз 2019, 10:11
4385
Бөлісу:
Наурыз Шотландияда атап өтілді

Астана, BAQ.KZ. Шотландияның Глазго қаласындағы Қазақ студенттерінің қауымдастығы алғаш рет Наурыз мейрамын кең ауқымда атап өтті. Айтулы шараға университет шәкірттері мен мұғалімдері, жергілікті тұрғындар, килттер еліне қоныс аударған қандастарымыз қатысты.

Ата дәстүр мен бай мұрамызды дәріптеуді мақсат тұтқан жастар мерекелік іс-шараны ақжарма батамен бастады.

«Кеше ғана өткен Шотландиямен футбол матчында Қазақстан жеңіске жеткен соң, отансүйгіш шотландтықтардың алдында еңсемді көтеріп жүрдім. Бізге ғана тән нәрсе ме екен, қазақ жүрген жерінде мойындау іздейді. Бүгінгі шара да соның айғағы. Елімізді таныта отыра, біз өз-өзімізді танып жатқан сияқтымыз», - дейді Глазго университетінің магистранты, Сырым Әбіл.

Наурыз Шотландияда атап өтілді

Қатысушы студенттер тек сабақта ғана озат емес, өнерден де кенде емес екендіктерін көрсетті. Сырым Әбіл залды күмбірлеген күйге бөлесе, Ақбота Сәндібек пен Айдана Тілеукен әуезді ән шырқады. Студент жастардың бүлдіршіндері Наурыз жайлы өлең оқып, өнер көрсетті. Шетелдік қонақтарға қара жорға биінен мастер-класс өткізіліп, ән болып төгілген би мен ұлттық ойын ойнауға ұласты. Ал еліміз жайлы арнайы көрсетілген деректі фильм Қазақстанды жаңа қырынан танытты.

«Ұлыбританияда жаңа жыл 31 желтоқсанда тойланады. Суық қыстың уақыты. Ал Наурыз көктем келгенін тойлаудың ең бір әдемі жолы деп ойлаймын. Өйткені көктем әрбір мәдениет үшін өте маңызды кез ғой. Бұл туралы қазақтардың өзінен ақпарат алу мен үшін өте қызық. Осыдан кейін Қазақстанға барып, бәрін өз көзіммен көргім келеді», - дейді Ұлыбритания азаматы Джозеф Куасник.

Наурыз Шотландияда атап өтілді

«Туған жердің қадірін алыста жүргенде білерсің» демекші, елден жырақта жүрген жастар Наурыз көже пісіріп, ұлттық тағам әзірлеп, елге деген сағынышын басты. Сондай-ақ, университет кітапханасы алдында барша студентке қазақтың ұлттық тағамдарын тегін үлестірді. Қазақ студенттері қауымдастығының президенті Нарұл Есеннің пікірінше, сабақ қаншалықты қиын болса да, уақыт тауып, Наурыз сияқты шаралар арқылы қазақтың тарихы мен мәдениетін таныту маңызды.

«Болашақ» бағдарламасының мақсаттарының бірі – студенттердің жергілікті халыққа Қазақстан жайлы аз да болса ақпарат беруі. Келген қонақтар еліміз жайлы білімін толықтырды. Біз бастамасын жасадық. Ендігі жылы одан да үлкен іс-шаралар қолға алынады деп ойлаймын», - дейді Глазго университетінің магистранты, Нарұл Есенбаев.

Глазго қаласындағы қазақ студенттерінің қауымдастығы ресми 2017 жылы құрылған. Оған Глазго, Стратклайд, Каледон, Уэст оф Скотланд университеттерінде білім шыңдап жүрген Қазақстанның 40 студенті кіреді. 6 докторант, 30-дан астам магистрант білім алады.

 

Сурет авторы: Жанара Қаңтарбай
Өзгелердің жаңалығы