Үстіне мұз сүңгісі құлаған оқушыға қатысты ПИК басшысы жауапқа тартылды

11 Наурыз 2019, 11:17
2891
Бөлісу:
Үстіне мұз сүңгісі құлаған оқушыға қатысты ПИК басшысы жауапқа тартылды
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Облыс орталығында 16 жастағы оқушының үстіне мүз сүңгі құлап, ауруханаға жеткізілді. Осы дерек бойынша пәтер иелері кооперативінің директоры әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Облыстық полиция департаменті өкілдерінің хабарлауынша, 2003 жылғы жасөспірімнің басына мұз сүңгінің құлауына қатысты факті тіркелген. Жеткіншек бас миының шайқалуы диагнозымен облыстық балалар ауруханасына жатқызылған.

«Жеткіншек бас жарақатын Короленко 355 мекенжайындағы үй подъезінің маңында алғаны анықталды. Оның үстіне мұз құлаған. Бұл дерек бойынша пәтер иелері кооперативінің директоры ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің» 505-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Оған 30 АЕК көлемінде, яғни 75 750 теңге көлемінде айыппұл салынды», - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.

Айта кетейік, ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 43-бабының 8-бөлігі бойынша ЖШС немесе ПИК қызмет көрсетуші нысандарының санитарлық және техникалық жағдайын қамтамасыз етуі керек.

Еске сала кетсек, бірнеше күн бұрын жасөспірімнің үстіне жарты метрлік мұз құлаған. Бұл оқыс оқидаған соң жергілікті тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандары жедел жиын өткізген. Нәтижесінде пәтер иелері кооперативтері мен жекеменшік ғимараттардың иелеріне сүңгілерде дер кезінде тазарту тапсырмасы берілген.

Айта кетейік, қазіргі таңда облыс орталығында 1300-ден астам тұрғын үй бар.

Өзгелердің жаңалығы