Қашықтан оқыту: Ауыл мұғалімдеріне тегін онлайн курс ұйымдастырылады

9 Тамыз 2020, 18:46
5435
Бөлісу:
Қашықтан оқыту: Ауыл мұғалімдеріне тегін онлайн курс ұйымдастырылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елбасы академиясы негізіндегі "Birge oqý" жобасының ұжымы мұғалімдер мен педагогикалық университтердің студенттеріне практикаға бағытталған "Цифрлы ментор 2.0" тегін онлайн курсын ұйымдастырды. 

4 күндік курс 2020 жылдың 29 шілдесінде бастама алды. Қашықтан оқыту тақырыбына арналған курс 2 мыңнан астам мұғалім мен педагогикалық университеттің студенттерін қамтып шықты.

Оқыту қазақ және орыс тілдерінде, қазіргі таңда педагогтарды толғандыратын аса өзекті тақырыптар бойынша жүргізілді. Сонымен қатар, курс барысында онлайн педагогиканың терминологиясы мен стандарттары, белсенді оқыту стратегиясы мен SAMR әдістемесі - цифрлы таксономия және де онлайн курстың педагогикалық дизайн негіздері оқытылды. Оқытудың негізі практикалық тапсырмалардан құрылды: курсқа қатысушылар өздерінің бейне-сабақтарын, онлайн тесттер мен сауалнамаларын құрастырып, оқытуды басқару жүйесінде өз тапсырмаларын жинақтады. Ал курс соңында бірінші тоқсанға арналған онлайн форматта қысқа оқу жоспарын әзірлей алды.

Қашықтан оқыту курсы elumiti.fnn.kz сайтындағы "Birge oqý" кәсіби бірлестігінде өткізілді, курс жаттықтырушыларымен кері байланыс жобаның YouTube арнасында онлайн трансляция жүзінде және Telegram мессенджерінде ұйымдастырылды. Курс соңында қатысушылар өз пәні бойынша цифрлық портфель қалыптастырды, олардың кейбір бейне-сабағы Birge oqý арнасының плейлистіне жинақталды.

Курс аяқталғаннан кейін қатысушылардың 90%-ы курстың мазмұны мен оның тиімділігін жоғары бағалады, ал 73%-ы тренингті ұйымдастырушылардан уақытылы кері байланыс жөнінде оң пікірлер қалдырды. Барлық тапсырманы ойдағыдай орындаған 300-ге жуық қатысушы арнайы сертификаттарға ие болып, Елбасы академиясының онлайн-мектебіне мұғалімдерді іріктеу конкурсына ұсынылды.

Осы курстардың арқасында тамыз айында қандай нәрсеге дайындалатынымды білемін. ҰБТ дайындықтарына арналған тесттер, сондай-ақ  SAMR әдісін қолдану және LMS дайындау үшін бейне-сабақтар құру, әртүрлі аспаптарда жұмыс істеу мен бағалау. Бұл құралдар маған сынып жетекшісі ретінде, сынып және ата-аналар жиналысын ұйымдастыруға тиімді болатыны сөзсіз. Ұйымдастырушыларға үлкен рахмет!, - деді "Цифрлы ментор 2.0" курсының қатысушысы, мұғалім М.Ж. Онғарбаева.  

Мұғалімдер тарапынан қызығушылықты ескере отырып, курс ұйымдастырушылары келесі аптада курстың жаңа ағынын бастауға шешім қабылдады. 

Қатысушыларды екінші лекке тіркеген кезде басымдық ауыл мектептеріндегі мұғалімдерге берілмек. Өйткені олар қашықтан оқытуды ұйымдастыруда цифрлық дағдыларды аса қажет етеді, - дейді курс ұйымдастырушылары.

"Цифрлық ментор 2.0" курсының үздік қатысушылары "Birge oqý" қашықтан оқыту мектебіне мұғалімдер мен тьюторлар ретінде жұмысқа шақырылады.

Өзгелердің жаңалығы