Мұғалімдер неліктен ерте зейнетке шыға алмайды. Еңбек министрлігі жауап берді

28 Қараша 2019, 11:43
26177
Бөлісу:
Мұғалімдер неліктен ерте зейнетке шыға алмайды. Еңбек министрлігі жауап берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында "Педагог мәртебесі туралы" заң жобасын талқылау барысында мұғалімдерге ерте зейнетке шығу құқығын беру мәселесі көтерілді.

Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл педагогтардың 30 жылдық жұмыс өтілі болған кезде еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнетке шығу мәселесі көтерілгенін, бұл бірінші кезекте мұғалімдерге түскен психоэмоционалдық жүктемелерге байланысты болып отырғанын айтты.  
ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы ҚР заңына сәйкес зейнетақы жинағы 10 млн теңгеден астам болған жағдайда ер азаматтар – 55 жастан, ал әйелдер 13,5 млн болған жағдайда 51 жаста зейнетке шыға алады. Әрине мұғалімдердің мұндай қорлары, жинақтары жоқ. Педагогикалық қызметі одан әрі тоқталған жағдайда зейнетке бұрын шығуға қатысты норманы енгізу жөніндегі пікіріңіз қандай?, - деп сұрады депутат.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ержан Жылқыбаев бұл норма жұмыс тобында жан-жақты талқыланымен, Үкіметтің қорытындысында қабылданбағанын айтты. 
1998 жылдан бастап ынтымақтық зейнетақыдан жинақтаушы зейнетақы жүйесіне ауыстық. Сондықтан мұғалімдерге зейнеткерлікке ерте шығу құқығын берер болсақ зейнетақы жарналары толық көлемде жиналып үлгермейді. Зейнетақы жүйесінде еңбек өтіліне байланысты кепілдендірілген базалық зейнатақы сомасы да өте төмен. Ауыр жұмыс орындарында істейтін шахтерларымыз, басқа да азаматтарымыз осындай мәселені көтеруі мүмкін. Сол себепті қолданыстағы зейнетақыға байланысты бұл мәселе қаралмады. Жинағы 10 млн теңгеге дейін деп сұрақ қойдыңыз, орта есеппен келер жылы шығатын мұғалімдердің зейнатақысы – 2,5 млн теңге. Бұл өте аз. Сол себептен бұл мәселе қабылданбады, - деп жауап берді Жылқыбаев Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында.

Осыған дейін білім және ғылым министрі мұғалімдердің жалақысы төрт жылда екі есе өсетіні туралы айтты. Ұстаздардың балаларына балабақшадан бірінші кезекте орын берілетіні туралы да айтылды. Қазақстандық мұғалімдердің жүктемесі көп екені де назарға алынды.


Өзгелердің жаңалығы