Министрлік ауыр дертті емдейтін қымбат дәріні қалай тегін алуға болатынын айтты

15 Қазан 2021, 18:01
5810
Бөлісу:
Министрлік ауыр дертті емдейтін қымбат дәріні қалай тегін алуға болатынын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният хабарлады.

Тілші тарапынан «Миастения дертіне шалдыққан жандар қабылдауға мұқтаж «Октагам» дәрісі неліктен тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі бойынша дәрілер тізіміне енгізілмеген? Дәрінің бір құтысының құнының өзі қомақты қаржыға тең» деген сауал қойылған болатын.

«Октагам» дәрісі – бұл дәрінің саудалық атауы. Аталған препарат – бұл G-иммуноглобулинді қамтып, адамға қажетті қалыпты дәрі болып есептеледі. Бүгінгі таңда бірыңғай дистрибьютор – «СК-Фармация» арқылы біз бүкіл ауруларды осы иммуноглобулин мен «Киавит», «Биовен» секілді дәрілермен қамтамасыз етіп отырмыз. Адамдардың бәрі бірдей емес, түрлі пациенттер бар, организм де әр түрлі. Осы дәрілерді көтере алмай, тек сол «Октагам» дәрісі ғана қажет болса, заң жүзінде министрліктің бұйрығымен ондай пациенттерді дәрігерлердің комиссиясында қарап, жергілікті бюджеттің қаражатынан сұраған дәрісімен қамтамасыз етуге болады, - деді Денсаулық сақтау вице-министрі.
Сонымен қатар бұл мәселемен министрлік таныс болып шықты.
Елдегі препараттарға қатысты мәселелермен министрлік таныс. Үнемі қадағалап отырамыз. Осы пациенттер бар жергілікті жерлерге де осы хаттар жіберілген, - деді Ажар Ғиният.
Айта кететін жайт, елімізде созылмалы аурулары бар барлық адам 137 түрлі дерт бойынша тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі.

Еске сала кетейік, бұған дейін елімізде гемодиализ терапиясына мұқтаж науқастарға арналған дәріні тегін беру қарастырылып жатқандығы туралы туралы жазған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы