Гемодиализге мұқтаж науқастарға дәріні тегін беру қарастырылып жатыр

15 Қазан 2021, 17:47
7814
Бөлісу:
Гемодиализге мұқтаж науқастарға дәріні тегін беру қарастырылып жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният хабарлады.

Оның айтуынша, гемодиализ терапиясына мұқтаж пациенттерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету біздің елде ең жоғары деңгейде.

Тілші тарапынан «Бүйрегі ауыратын науқастарға арналған «Кетостерил» дәрісінің тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі бойынша дәрілер тізіміне енгізілмегенін айтып шағымданатын пациенттер жетерлік. Аталған препарат елімізде қашан тегін беріледі? Гемодиализге қарағанда бұл дәрі әлдеқайда арзанға түспей ме?!» деген сауал қойылған болатын.

Жалпы «Кетостерил» препараты амин қышқылдарының көзі болып табылатын қосалқы дәрі-дәрмектің қатарына кіреді. Бұл мәселені біз еліміздегі барлық нефролог дәрігерді жинап, сараптамалық кеңестерде талқыға салдық. Олардың айтуынша, бұл дәрі керек деп табылып, клиникалық хаттама әзірлеп, соған енгізіп жатыр. Осы саланың білікті дәрігерлері мен ғалымдары хаттамаға кіргізгеннен кейін министрлік оны тізімге қосатын болады, - деп жауап берді Денсаулық сақтау вице-министрі.
Айта кететін жайт, елімізде созылмалы аурулары бар барлық адам 137 түрлі дерт бойынша тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі.

Еске сала кетейік, бұған дейін мемлекет тарапынан созылмалы ауруға шалдыққан жандарға қандай көмек көрсетілетіндігі туралы жазған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы