Министр: Толық емес отбасыларға үйде жұмыс істеуге жағдай жасау керек

28 Ақпан 2019, 17:39
3798
Бөлісу:
Министр: Толық емес отбасыларға үйде жұмыс істеуге жағдай жасау керек

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бұл жайында кешегі съезде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтқан еді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Үкімет отырысында осы мәселені көтерді.

«Келесі мәселе – толық емес отбасыларға үйде жұмыс істеуге жағдай жасау, ауылда тұратын көпбалалы аналарға да қосымша тегін грант, микрокредит беру. Қазір таңда гранттар қаралған, ендігі ұсыныс – көлемі 505 мың теңгелік грантты кемінде 5 мың адамға беру. Дәл осындай микрокредитті көпбалалы аналарға, оның ішінде мүгедек балалары бар аналарға беруді қарастыру қажет. Кредит көлемі жобаларына байланысты - 500 мың теңгеден 20 млн теңгеге дейін. Онымен кемінде 10 мың адамды қамтуға болады», - деді Сапарбаев.

Бұған дейін министр биыл 830 мың адам атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылатынын және тұрмысы төмен отбасының балаларына жәрдемақы 23 жасқа дейін төленетінін айтты. Сондай-ақ, мүгедек балалары бар отбасылардың жәрдемақысы біршама өсетінін жеткізді.

Кеше «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке еліміздегі бірқатар әлеуметтік мәселені шешуді тапсырды. Олардың қатарында аз қамтылған, мүгедек баласы бар, толық емес және көпбалалы отбасыларды қолдау шаралары бар.

«Атаулы әлеуметтік көмек алуға құқылы балалы отбасыларды қолдау үшін көпбалалы жанұялардағы әр балаға ең төменгі төлемді 20 789 теңге сомасында бекіту керек. 2019 жылы атаулы әлеуметтік көмекпен 830 мың адам қамтылады, оның 550 мыңға жуығы – балалар. Бұнымен қатар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар, қамқоршылар мен отбасыларға (тұлғаларға) берілетін жердемақыны 30 процентке ұлғайтуды тапсырамын», - деді Съезде Назарбаев. 

Президент бұған қоса, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер салуды тапсырды. «Олардың басым бөлігі тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға берілуі тиіс. Осы мақсатқа алдағы 7 жылда қосымша жыл сайын 50 млрд теңгеден бөлінеді» деді Елбасы.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы табысы төмен, мүгедек балалары бар, көпбалалы отбасылар мен толық емес жанұялар үшін баспанаға қол жетізу мүмкіндігін арттыруды, азаматтардың бұл санатына ТҮҚЖБ арқылы жылына 2-3 процентпен тұрғын үй заемдарын беру механизмін әзірлеуді тапсырды.

Ел президенті сондай-ақ, биылғы шілдеден бастап еңбекақысы төмен мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын 30 процентке ұлғайтуды тапсырды.

Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ

Өзгелердің жаңалығы