Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл мәліметпен ОКҚ брифингі барысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр бөлісті.
«Пойыз бен автобус соқтығысқан сәтте пойыз жылдамдығы 55 км/сағатты құрады. «Түрксіб-Астана» ЖШС тасымалдаушысының мәліметінше, пойыз жолаушылары зардап шеккен жоқ. Өткел теміржолды оқшаулау құрылғысымен, шлагбаумдармен, бағдаршаммен жабдықталған. Яғни, өткелдің жабдықталуы бойынша қажетті талаптар толығымен сақталған», - деді Роман Скляр.
Министр қайтыс болған жүргізушінің туыстарына көңіл айтты. Бұған дейін ол жарақат алғандардың кім екенін атап өткен еді.
Атап өтсек, кеше Алматы облысы Шамалған станциясында «Алматы-Қостанай» бағытындағы жолаушылар пойызы мен «Алматы - Шамалған» бағытындағы автобус соқтығысты. Апат түсірілген видео да жарияланды. Бейнежазбадан шлагбаум алдында көліктер ұзын-сонар кезекте тұрғанын көруге болады. Осы сәтте жолаушылар пойызы келіп автобусты қағады.
ҚТЖ басшысының кеңесшісі Руслан Иманқұловтың мәліметіне сәйкес, автобус жүргізушісі сигналды елеместен пойыз жүретін жолға шығып кеткен.
Жол көлік оқиғасынан 1 адам мерт болып, 9 адам жарақаттанған. Қаза болған - автобус жүргізушісі.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қайтыс болған автобус жүргізушісінің туыстарына көңіл айтты.
Ал Ішкі істер министрлігі 3 жолаушының аудандық ауруханаға жатқызылғанын хабарлады.
Одан кейін қайтыс болған жігіт 1979 жылғы екені белгілі болды. 2014 және 2016 жылғы балалар мен 33 жастағы әйелдің Қарасай аудандық емханасының жансақтау бөлімінде ауыр халде жатқаны да анықталды.
Кейін «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ жолаушылар пойызының машинисі жедел тежегішті іске қосқанымен, арақашықтықтың аздығынан қақтығыстың алдын ала алмағынын мәлімдеді.