Министр педагогтар мен медицина қызметкерлерінің еңбекақысын көтеруге қанша қаражат көзделгенін айтты

20 Қазан 2021, 11:58
1572
Бөлісу:
Министр педагогтар мен медицина қызметкерлерінің еңбекақысын көтеруге қанша қаражат көзделгенін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Мәжілістің жалпы отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев хабарлады. Оның айтуынша, бюджеттің әлеуметтік бағыттылығы сақталуда.

Үш жылдық кезеңде әлеуметтік сала шығыстары 26,7 трлн теңге болады. Оның ішінде 2022 жылы ағымдағы жылдың деңгейіне қарағанда 643,2 млрд теңгеге ұлғая отырып, 8,1 трлн теңгені құрайды. Бюджеттің жалпы көлеміндегі бұл шығыстарының үлесі ендігі жылы 50,8%-ке дейін өседі, - деп атап өтті Қаржы министрі.

Оның айтуынша, шығыстар көлемінің көп бөлігі азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру мен оларға көмек көрсетуге бағытталған. 

Денсаулық сақтау жүйесін дамытуға арналған шығыстар 2022-2024 жылдары 5,7 трлн теңгені, оның ішінде 2022 жылы 1,8 трлн теңгені құрайды. Осы қаражат шеңберінде медицина қызметкерлерінің еңбекақысын ұлғайту көзделген, - деді Ерұлан Жамаубаев.

Ведомство басшысы білім және ғылым жүйесіне қанша теңге бөлінетіндігіне де тоқталды.

Білім және ғылым жүйесін дамытуға 3 жылға 7 трлн теңге, ал 2022 жылға 1,8 трлн теңге көзделген. Бұл биыл бөлінген қаражаттан 477,1 млрд теңгеге артық. Білім беру ұйымдары педагогтары мен медицина қызметкерлерінің еңбекақысын көтеруге 4,3 трлн теңге, оның ішінде 2022 жылға 1,1 трлн теңге көзделген, - деді министр.

Еске сала кетейік, бұған дейін республикалық бюджетке түсетін мұнай түсімдері азаятындығы туралы жазған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы