Бас жаңалықтар
Метро жолаушылары 90% азайды
08 Сәуiр 2020, 16:34 209

Метро жолаушылары 90% азайды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Жолаушылар санының азаюына байланысты метро демалыс күнгі жұмыс кестесімен жүруде. Жұмыс істеп жатқан 4 вагон жүріп келген соң залалсыздандырылады. Бұл туралы Алматы қаласы Мобилділік басқармасының басшысы Сағындық Телибаев брифинг кезінде айтты.

Оның айтуынша, қазір Алматыдағы жолаушылар ағыны 80 пайызға төмендеуіне байланысты қаладағы 114 бағыт бойынша автобустар саны жұмыс күндері 36 пайызға дейін азайтылған.

Демалыс күндері қоғамдық көліктер 50% дейін азайтылды. Бір күнде 991 автобус жұмыс істеп жүр. Сонымен қатар, бір автобустағы орташа жолаушылар тасымалы күніне 100 адамнан аспайды. Ал бір айналымдағы жолаушылардың орташа ағымы 25 адам. Бұл дегеніңіз, автобус салонына 12-13 адамнан көп отырмайды деген сөз, - дейді ол.

Сондай-ақ, ол барлық ұйымның жұмыс уақытының қысқаруына байланысты қоғамдық көлікті кешкі сағат 19.00-ге дейін жүргізу қарастырылғанын және көліктерді дезинфекциялау жұмысы қолға алынғанын жеткізді. 

Коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында барлық автобустарда дезинфекция жұмыстары жүргізіледі. Оны маманданған клинингілік компаниялар жасауда. Автобустар түнгі уақытта және күндіз соңғы аялдамада толығымен залалсыздандырылады, - дейді басқарма басшысы.

Сөз арасында ол жолаушылардың азаюына қарамастан жүргізушілердің жалақысы бұрынғысынша қала беретінін айтты.

Жолаушылар санының азаюы автобус жүргізушілерінің жалақысына әсер етпейді, олар карантин режиміне дейін қандай көлемде жалақы алып келсе, сол төленеді. Қоғамдық көліктің барлық жүргізушісі таңертең жұмысқа кіріспес бұрын медициналық тексерістен өтеді. Ол жерде қан қысымы, дене температурасы тексеріледі. Егер сол кезде жүргізуші денсаулығының нашар екенін айтса, бірден жедел жәрдем шақырылады, - дейді С.Телибаев.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...