Бас жаңалықтар
Мемлекеттік қызметшілер Дубайда білім алатын болды
15 Ақпан 2019, 10:43 685

Мемлекеттік қызметшілер Дубайда білім алатын болды

Астана, BAQ.KZ. Дубайдағы WGS-2019 жаһандық саммитінің алаңында ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Мухаммед бен Рашид Аль Мактум атындағы Мемлекеттік басқару мектебі және Әмірліктің Дипломатия академиясымен өзара іс-қимылды кеңейту туралы уағдаластыққа қол жеткізді.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы әріптестік қатынастарды халықаралық ынтымақтастық туралы жаңа уағдаластықтармен нығайта отырып, оны бүкіл әлем бойынша дамытуда.

Кездесу барысында Дубай Мемлекеттік басқару мектебінің атқарушы президенті, д-р Али Себаа Аль Марри екіжақты ынтымақтастықтың нәтижелілігін атап өтті, сондай-ақ тағылымдама және академиялық мобильділікті ұйымдастыру бойынша алға қойылған мақсаттардың орындалатындығын растады.

Сонымен қатар, д-р Али Себаа Аль Марри Академиямен өзара іс-қимылды кеңейтуге дайындығын білдірді. Академия ректоры Фатима Жақыпованың айтуынша, жуық арада Дубайда қазақстандық мемлекеттік қызметшілерді оқыту бағдарламасы іске қосылады. Мемлекеттік органдардың қызметіне халықтың қанағаттануын арттыру, тиімді коммуникациялар, цифрландыру мен жасанды интеллектінің инновациялық құралдарын енгізу бойынша Дубай тәжірибесін зерттеу және әрі қарай тарату бағдарламаға негіз болады. Оқу қорытындылары бойынша ҚР мемлекеттік органдарының қызметін трансформациялау мен мемлекеттік қызметшілер жұмысына ақылды технологияларды енгізу күтіледі. Бағдарлама шеңберінде Дубайдың мемлекеттік органдарында оқу дәрістері ұйымдастырылатын болады. Бір апта ішінде ҚР-ның 20-25 мемлекеттік қызметшісін оқыту алдын ала жоспарлануда.

Бұдан басқа, Әмірліктің Дипломатиялық академиясының бас директоры Бернардино Леонмен кездесу барысында қос тарап та Әмірліктің Дипломатиялық академиясында қазақстандық Академия магистранттарының тағылымдамадан өту және БАӘ тәжірибесін ескере отырып, ҚР дипломаттары үшін бірлескен біліктілікті арттыру бағдарламасын әзірлеу мүмкіндігін растады.  

ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының басты басымдықтарының бірі мемлекеттік басқару саласында білім берудің халықаралық стандарттары бойынша даярланған әрі мемлекеттік қызметте жаңа идеялар мен тәсілдерді іздестіруге дайын мемлекеттік қызметшілер пулын қалыптастыру болып табылады.

 


Сізден жаңалық