Мэлс Елеусізов саяси мәлімдеме жасады

13 Ақпан 2019, 15:58
3975
Бөлісу:
Мэлс Елеусізов саяси мәлімдеме жасады

Алматы, BAQ.KZ, тілшісі. Елімізде экологияны қорғайтын саяси ұйым құратын уақыт жетті. Бұл туралы «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов БАҚ өкілдерімен кездесу кезінде айтты. 

Оның айтуынша, қазір еліміздің экологиялық жағдай мүшкіл халде және ауа сапасы жылдан-жылға нашарлап барады.

«Мен 1990 жылдардан бері «Жасыл Қазақстан» саяси партиясын құруды көтеріп жүрмін. Ол кезде халық белсенді емес еді, сондықтан бұл бастама қолдауға ие болмады. Қазір халық бәріне тойды. Саяси монополия өз дегенін жасауда. Оны бұзу керек, санаулы адамның ғана пікірі айтылмау керек, яғни пікір талас орын алу керек. Қазір Заңдар партиялардың атсалысуымен қабылдануда. Егер ол жерде жан-жақты пікір-талас болса, дұрыс Заң қабылданар еді»,-деді ол. 

Сонымен қатар ол, халықтың саяси белсенділігі өте төмен екендігін айта келе жаңадан құрылатын партия өз мүшелері мен жұртшылықты сайлауға шақыруға ықпал ететінін жеткізді.

«Өйткені елімізде халықтың 20% ғана сайлауға қатысады екен. Халық белсенді емес, бұл билікке тиімді болып отыр. Сайып келгенде еліміздің осындай нашар халге түсуіне жұртшылықтың өзі кінәлі. Егер олар қоғамдық жұмыстарға, сайлауға белсенді қатысса мұндай нашар халге түспес едік. Алғаш Совет үкіметі құлаған тұста шенеуніктер аяғын аңдап басатын, кейін олар халық ештеңеге бас ауыртпайтынын, талап етпейтінін түсінген соң ойларына келгенін жасай бастады»,-деді ол.

Сондай-ақ ол партияны ұстап тұру үшін сырттан ешқандай қаражат бөлінбейтіндігін тек халық есебінен болатынын жеткізді. 

«Бұл елімізді революциялық төңкеріс жасайтын партия болғанын қаламаймын. Парламентте заңды түрде өз талаптарын қоя білетін халықтық партия болу керек. Партия ұстап тұру үшін оның мүшелері ортақ жарнаға белгілі мөлшерде қаражат салады. Сондай-ақ бұл партия жастардың мүддесін қорғау керек, өйткені болашақ солардікі»,-деді М. Елеусізов.

Әділет Мұсахаев

Өзгелердің жаңалығы