Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. 2021 жылға дейін қаладағы ондаған денсаулық сақтау мекемесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңғыртылады. Сондай-ақ, қаланың жаңа орталығындағы балалар ауруханасының құрылысы аяқталып, көпсалалы клиникалық аурухана салынады.
Бұл жайында облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы қалалық мәслихат мүшелері мен Қоғамдық кеңестің бірлескен отырысында мәлімдеді. Медициналық көмектің сапасын арттырып, әрі халыққа қолжетімді ету жолдары талқыланған жиында Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев ауруханаларды жөндеуге 2,7 миллиард көлемінде қаржы керектігін айтты.
«Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру жыл сайын артып келеді. 2017 жылдан бастап қаржыландыру көлемі өсті. Сәйкесінде медицина мекемелері ғимараттарының материалдық-техникалық жабдықталу көлемі артты. Қазіргі уақытты 12 медицина мекемесі кұрделі жөндеуді қажет етеді. Ол үшін 2,7 млрд теңге көлемінде қаржы керек. Егер де жыл сайынғы қаржыландыру көлемі осы деңгейде қалатын болса 2021 жылы аталған ауруханалардағы жөндеу жұмыстары аяқталады», - дейді Ержан Нұрлыбаев.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында және Облыстық клиникалық ауруханасыда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
«Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасындағы жөндеу жұмыстары үш жыл қатарынан жүргізіліп келеді. Облыстық клиникалық аурухананың терапия корпусы жөнделіп жатыр. Аталған нысандар бірнеше корпустардан тұрады. Сондықтанда жөндеу жұмыстары кезең-кезеңмен жүргізілуде», - деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, Қарағандыда бірнеше жаңа денсаулық сақтау мекемесі бой көтермек.
«2020 жылы Облыстық балалар ауруханасының құрылысы аяқталады. Қаланың Оңтүстік Шығыс шағын ауданында 300 адамға шақталған көпсалалы клиникалық аурухана салынады. Нысанның жобасы жасалып, мемлекеттік сараптамадан өткізілген. Сондай-ақ, Облыстық онкологиялық диспансер жанынан салынатын операциялық-реанимациялық бөлімі құрылысының жобалық-сметалық құжаттары мемлекеттік сараптамаға өткізілген», - деді Ержан Нұрлыбаев.
Басқарма басшысы қаланың ықшам аудандарында салынып жатқан емханалардың құрылысына да тоқталды. Пришахтинскте салынып жатқан балалар емханасы ең үлкен жобалардың бірі болып отыр.
«Нысанның жобалық қуаты 17 мың адамды құрайды. Емханаға 25 мың адамды тіркеуді көздеп отырмыз, оның ішінде басты назар балаларда. Осы емханаға фертилді жастағы әйелдерді де тіркейміз», - деді ол.
Еске салайық, Қарағандыда мамыр айында жаңа емхана ашылған болатын. Мемлекеттік жекеменшік серіктестік бағдарламасы аясында салынған медицина мекемесі 20 мың адамға қызмет көрсетеді. Жыл соңына дейін Қарағандыда осындай 7 емхана ашылмақ.