Медициналық орталықтың директоры жалған ПТР анықтамаларын сатқаны үшін ұсталды

10 Шілде 2021, 10:45
3646
Бөлісу:
Медициналық орталықтың директоры жалған ПТР анықтамаларын сатқаны үшін ұсталды
VIDEO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтанда ПТР-тесттен өткендігі туралы жалған анықтамалар жасаған тұлғалар анықталды.

Айдың басынан бастап жалған анықтамаларды сатудың екі фактісі анықталды. Полиция қызметкерлері теріс нәтижемен ПТР-тест тапсырғаны туралы жалған анықтаманы сатқан деген күдікпен жеке медициналық орталықтың директорын ұстады.

Орталық басшысы заңсыз қызмет көрсеткені үшін «клиенттерден» 6 мың теңгеден алғандығы анықталды. Қазіргі уақытта полиция ПТР-тесттен өту туралы анықтаманы заңсыз алған адамдардың нақты санын анықтап жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалды, - деп хабарлады полицияда.



Сондай-ақ, елден тыс жерде жүріп, ПТР-тестінің теріс нәтижесі бар электрондық нұсқада 5500 теңгеге анықтамалар дайындаған және сатқан Қазақстан азаматы анықталды. Анықтамаларды Тelegram арқылы жіберіп отырған. Ел аумағына келгеннен кейін күдіктіге қатысты қылмыстық заңнама аясында шаралар қабылданатын болады, деп атап өтті полицияда.

Аталған фактілер бойынша жалған құжаттарды дайындағаны және сатқаны үшін ҚР ҚК 385-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Полиция қызметкерлері елорда тұрғындарына жалған анықтамалар беру фактілерін анықтау бойынша медициналық орталықтарға, емханаларға, вакцина алу пункттеріне тексеру жүргізді.

Естеріңізге сала кетейік, жалған құжаттарды дайындап, сатқаны үшін ҚК 385-бабына сәйкес төрт жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, - деп атап өтті полицияда.

Өзгелердің жаңалығы