Мәжілісте «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң жобасы қабылданды
27 Қазан 2021, 10:43 5738

Мәжілісте «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң жобасы қабылданды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заңның жобасы бірінші оқылымда қабылданды.

Заң жобасын дайындау кезінде халықаралық тәжірибені, ең алдымен Париж, Венецияның принциптері мұқият зерттелді. Сондай-ақ алыс және жақын шетелдердегі адам құқықтары уәкілі жөніндегі қызметінің заңнамалық негізі мен практикасы пайдалы болды, - деді Сенат төрағасының орынбасары.

Заң жобасының негізгі ережелері:

  • Уәкілдің мәртебесіне, оның қызметінің қағидаттарына, яғни адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының мүддесінде заңдылық, ашықтық принциптері ерекше мән беріледі. Адам құқықтары жөніндегі уәкілге, оның қылмыстық жауаптылығына немесе әкімшілік жауапкершілігіне қолсұқпаушылық мәртебесі беріледі. Осыған байланысты оны жауапкершілікке тартудың жаңа тәртібі енгізіледі. Сондай-ақ уәкіл куә ретінде айғақтар беруден босатылады.
  • Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің адам мен азаматтың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру жөніндегі өкілеттері кеңейтіледі. Өтініш берушінің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру үшін қабылдануға тиісті шараларға қатысты меморгандарға немесе лауазымды адамдарға ұсыныстар жолдау, т.б.
  • Мазмұндық тұрғыдан уәкілге адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуы туралы ақпаратты зерделеу, талдау, шағымдарды қарау қорытындылау функциялары жүктеледі.
  • Заң жобасында уәкілдің өңірдегі өкілінің мәртебесі мен қызметі бекітіледі.
Бұл заң жобасы халықаралық, отандық құқық қорғау ұйымдары мен сарапшылары шақырылып, адам құқықтары жөніндегі уәкілінің жанындағы сарапшылық кеңес шеңберінде, Сенатта өткізілген дөңгелек үстелде және Мәжілісте талқыланды. Заң жобасы Венеция комиссиясының қарауына жіберілді, - деп түсіндірді Асқар Шәкіров.

Оның айтуынша, бұл заң жобасын қабылдау теріс және өзге де жағымсыз әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкелмейді. Бұл адамның және азаматтың Конституциямен кепілдік берілген негізгі құқықтары мен бостандығын қамтамасыз етуге бағытталған. Демократиялық процестерді дамытуды күшейтуге, сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің институты тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар заң жобасына қолдау білдіріп, жобаны қабылдады.


Фото: дереккөз
Загрузка...