Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысы кезінде Премьер-министр Асқар Мамин хабарлады.
Оның айтуынша, азық-түліктің әлемдік бағасы шамамен 34 % өскен. Бұл – маусым айының қорытындысы бойынша алынған дерек.
Жаһандық және өңірлік өндірістік пен сауда байланыстардың бұзылуына, климаттық жағдайлардың өзгеруіне байланысты соңғы 10 жылда азық-түліктің әлемдік бағасы неғұрлым жоғары қарқынмен өсуде. Осы тұрғыдан тауар нарықтарындағы бағалар өсуде. Жыл басынан бері мұнай 44% қымбаттап, баррель үшін 73 долларға дейін жетті. Металл бағасы да өсті. Әлемдік инфляцияның өсуі, қаржы нарықтарындағы тұрақсыздық, сондай-ақ вирустың жаңа мутацияларының пайда болу жағдайында жаһандық экономикадағы белгісіздік факторлар жоғары деңгейде қалып отыр, - деді өз баяндамасында Премьер-министр.
Үкімет басшысының сөзіне сүйенсек, дер кезінде қабылданған шаралардың арқасында биыл сәуір айында экономика қарқынды өскен. Нақтылап айтатын болсақ, былтырғы наурыз айынан бері тұңғыш рет экономика оң нәтиже беріп, бірінші жарты жылдықтың қорытындысы бойынша 2,2% дейін жеделдеген.
Естеріңізге сала кетейік, дәл қазір бейнебайланыс режимінде Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.