Мамин бюджет қаржысын игермеген әріптестерін жауапқа алды

13 Тамыз 2019, 11:41
2447
Бөлісу:
Мамин бюджет қаржысын игермеген әріптестерін жауапқа алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Үкімет отырысында жеті айдың қорытындысы бойынша бюджет қаржысын уақытында игермеген министрліктер мен өңірлер туралы айтты.

«Баяндамаларға сәйкес қаңтар-шілдеде ЖІӨ өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 4,2%-ды құрады. Бірқатар салада құрылыс – 11,5%, сауда – 7,5%, көлік саласы – 5,4%, өңдеуші сектор, оның ішінде машина жасау – 17,7%, жеңіл өнеркәсіп – 14,6%, түсті металлургия өндірісі – 17,2%, мұнай өңдеуде – 5,1% өсті. Ал ет өндірісі, химия және қара металлургия, шикі мұнайда өсім жоқ. Салалық министрлікте жоспарлы инвестиция тартуға қол жеткізу шараларын күшейту қажет. 7 айда базалық экономикалық өсу көрсеткіші бойынша Атырау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, ШҚО, Түркістан облыстарының әкімдіктері тиімді жұмыс жасағанын айтып өткім келеді. Бұл қалған өңірлерге жақсы үлгі. Ал БҚО, Маңғыстау облыстары және Шымкент, Нұр-Сұлтан қалаларында құрылыс, инвестиция, өнеркәсіп пен тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша көрсеткіштер төмен. Алматы облысы, Жамбыл облысы, СҚО-да сондай баяу динамика байқалады», - деді Мамин.

Үкімет басшысы өткен жылмен салыстырғанда биыл бюджет артығымен орындалып отырғанын атап өтті. Десе де бюджетті игермеген кейбір бюджеттік бағдарламалар әкімшілері барын айтты. Оның ішінде ең көбі ІІМ 9 млрд теңгені игермеген. Бұл туралы Мамин ІММ басшысы Ерлан Тұрғымбаевтан сұрады. Ол кейбір сомасы үлкен конкурстар өтпегенін айтып, осы айда орындалатынын жеткізді. 

7 млрд теңгені игермеген ҚР ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров болса, көрсетілген қызметтердің актілерін рәсімдеу бітпеуіне байланысты осы айда жағдай дұрысталатынын айтты. 

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев игерілмеген 6 млрд теңге осы тоқсанда шешімін табатынын жеткізді. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова болса, 4 млрд теңге бюджет қаржысы жалпы үнемдеу рәсімдеріне және конкурсқа қатысушылардың арыздарына қатысты конкурс мерзімдерінің ұзартылуына, гастрольдер шығыстары кестесінің өзгеруіне байланысты игерілмегенін, бір айдың ішінде бұл мәселе шешіледі деп жауап берді. Қаржы министрлігі игерілмеу себебін «уақытында төленбеген актілер» деп көрсетсе, Қорғаныс министрлігі 3,5 млрд теңге жеткізушілермен келісімшарттардың кешіктірілуіне байланысты екенін, 1-2 айда шешілетінін айтты. Үкімет басшысы министрлік өкілінің жауабына қанағаттанбай, «қандай 2 ай? Жоспар жоқ па?» деп сұрады. 

Қорғаныс министрлігі тамыз бен қыркүйекте жағдай қалыпқа келетініне сендірді. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 3,3 млрд теңге үнемдеуге байланысты студенттердің контингенті, жазғы сессияларға, стипендияға байланысты екенін, 1 айда тіисті шара қолданатынын жеткізді. 3 млрд теңге игермеген Әділет министрлігі 2 млрд теңге арбитраж бен соттарға байланысты, ал қалған бөлігін келесі тоқсанда игереліді деді. 

Маминнің айтуымен өңірлер арасында елорда 5 млрд теңгені игермегені мәлім болды. Қала басшысы Алтай Көлгінов инженерлік желілерге байланысты мәселені осы тоқсанда игеретінін айтты. 

«Көпірдің құрылысы бойынша сот шағымдары болды. Оны өзіңізден қолдау таптық. Басқа жолдарға бөлетін болдық. Оның бәрін игереміз», - деп жауап берді Көлгінов. 

Премьер Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтен игерілмеген 3,9 млрд теңгенің есебін сұрады.

«Шығыстар 96% игерілген. Игерілмеген 4 млрд теңгенің басым бөлігі объектвті жағдайлармен байланысты. Бір айда игереміз», - деді өңір басшысы. 

Ал Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов игерілмеген 2 млрд теңге конкурстардың аяқталмауынан, сот процестерінен, мемлекеттік аудит орындары тексеруінен, тауар жеткізушілердің мердігерлер міндеттерін уақытында орындамауы себеп болғанын айтты. Әкімнің айтуынша, барлық келісімшарт жасалған және бюджет қаржысы 9 ай қорытындысымен толық игеріледі. 

«Мемлекеттік органдар мен өңірлер басшылары үшін бюджет қаражатын толық игеруге қол жеткізу бойынша жауапкершілік белгілеймін. Жалпы сапалы және орнықты экономика өсімін қамтамасыз ету үшін инвестиция тарту шараларын қабылдау қажет. Инвестициялар тарту жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында осы мәселені жан-жақты талқылаймыз. Елбасы мен президенттің қазақстандықтардың әл-аухатын жақсартуға бағытталған тапсырмаларын уақытылы және сапалы атқару жұмыснын жаслғастыруымыз қажет», - деп тапсырды Мамин бүгінгі Үкімет отырысында.

Өзгелердің жаңалығы