Мақтаарал: 1300-ден астам отбасы 1 мың долларлық өтемақыны алып үлгерді

23 Мамыр 2020, 11:10
1789
Бөлісу:
Мақтаарал: 1300-ден астам отбасы 1 мың долларлық  өтемақыны алып үлгерді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мақтаарал ауданындағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға Ә.Усманов қорынан 5 млн 202 мың АҚШ доллары 5202 жанұяның (30 420 адам) есепшоттарына аударылады. 

Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады. 

Бүгінде бұл қаржыны 1308 отбасы алып үлгерді. Тұрғындарға бүгінгі таңда 4638 банк картасының 90 пайызы таратылды. Қалған отбасыларға қаржы алдағы уақытта аударылатын болады. Бұл туралы Nur Otan партиясының Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаевпен өткен тікелей эфирде облыстық қаржы басқармасының басшысы Әбдірахман Тасыбаев  мәлімдеді. 

Ә.Усманов қорынан аударылатын 1 мың АҚШ доллар өтемақыны Мақтаарал ауданындағы 2 ауыл округінде орналасқан 13 ауылдың тұрғындары алады. Атап айтқанда, Еңбекші ауыл округіндегі: Мырзакент, Жаңатұрмыс, Т.Жайлыбаев, Нұрлы таң, Шұғыла, Жантақсай ауылдары және Жаңажол ауыл округіндегі: Нұрлы жол, Жеңіс, Фердауси, Достық, Өргебас, Арайлы Ақжол ауылдары. Тұрғындардан артық құжат талап етілмейді, мекен-жай анықтамасы не ауыл тұрғыны екенін растайтын құжат болуы қажет, - деді басқарма басшысы.

Бұған дейін Мақтаарал ауданындағы су басқан Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фердауси, Достық, Өргебас елдімекендерінде тұратын әр отбасыға Үкіметтің резервінен 100 мың теңгеден берілетіндігі айтылған. Бұл мақсатта Үкіметтен 650 млн теңге бөлініп отыр.  Ол аудан әкімдігінің мәліметіне сәйкес, 846 үйдің 6128 адамына төленетін болады. 

Тікелей эфир соңында Бейсен Дәулетұлы зардап шеккен тұрғындарға өтемақыны төлеу бойынша халыққа түсіндіру жұмыстары жанданып, азаматтардың өтініштері мұқият қаралу керектігін баяндады. 


Өзгелердің жаңалығы