Бас жаңалықтар
Вакцинаны діни наным-сеніммен шатастыруға не оған телуге болмайды – имам
26 Мамыр 2020, 15:46 184

Вакцинаны діни наным-сеніммен шатастыруға не оған телуге болмайды – имам

Түркістан облысы BAQ.KZ тілшісі. Бүгінде Түркістан облысы бойынша 748 мешіт бар. Елімізде әрбір бесінші бала дүниеге келетін халық саны тығыз орналасқан аймақ. Тұрғындардың болмысына қарап 80 пайыздан астамын мұсылман деуге болады. Осындай халық саны тығыз аймақта дін саласындағы мемлекеттік саясат қалай жүзеге асырылып жатыр? Жалпы, облыстағы діни ахуал туралы Түркістан облысының бас имамы Мұсабек Ақтамберді баяндап берді.

– Пандемия кезінде мешітті де жауып тастады. Себебі, қауіпсіздік пен денсаулық басты орында. Әлеуметтік желіден Төтенше жағдай жарияланса да кейбір азаматтардың мешітке келіп намаз оқимыз, құлшылық жасаймыз деп шу шығарғаны туралы көріністерді көзіміз шалып қалды. Біздің облыста да осындай жағдайлар болды ма? Жалпы, қандай сақтық шараларын қолдандыңыздар?

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты елімізде төтенше жағдай енгізілді. Осыған орай, Рамазан айының алғашқы күні, жамағатпен тарауих намазы, ауызашар беру мәселелерінің тәртібі белгіленді. Індеттің өршіп кетпеуі үшін ҚМДБ-ның Ғұламалар кеңесі дер кезінде келесідей тәртіпті ұсынды. Өзіңіз білесіз, мешіттерде тарауих намазы уақытша оқылмады. Әркім өз үйінде тарауих намазын отбасымен өтеп, қасиетті айды ойдағыдай өткеріп салды. Біз рамазан айында ораза ұстаған адамдарға ауызашар берудің орнына келесідей амалдарды жасауға шақырдық. Атап айтқанда, мейрамханаларға тапсырыс беріп, аузы берік адамдарға тамақ тарату, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік тарату, ауызашарға жұмсалатын шығындарды ораза ұстаған адамдарға қаржылай беру де мол сауап болатынын айтып түсіндірдік. Сонымен қатар, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қасиетті Қадір түнін үйде өткізуге үндеді. Елімізде әлі де болса жұқпалы індеттің қаупі толық сейілген жоқ. Карантин режимінің талаптарына бағынып, сақтық шараларына аса мән беру қажет. Ал мешіттер карантин біткен соң ғана ашылады. Жалпы, облысымыздағы мешіттерде Төтенше жағдайларға қарсылық білдіріп, тәртіпті бұзған жағдай орын алған жоқ. Дегенмен жол бойындағы бір-екі мешіттерде жамағатпен намаз оқып кеткен жағдай болған. Оларға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ескертілді. ТЖ талаптары бойынша сақтық шаралары қолданылды. Жамағатқа онлайн сабақтар мен әрбір мешіттің ватсап топтары арқылы сақтық шараларын жеткізіп отырдық. Аймақтағы діни ахуал тұрақты.

– Сонау VII ғасырдан бері келе жатқан ислам дінінің тарихы қанша уақыт өтсе де адамзатпен бірге жасасып келе жатыр. Рухани сенім, құндылық өміріміздің ажырамас бөлшегі екені осыған дәлел. Алайда қазір өркениет дәуірі. Білім, ғылым, технология жетістігі күн өткен сайын қарыштап дамып барады. Осы тұрғыда ислам дінінің концепцияларын заманға сай жаңғыртып, жаңартып отыруға бола ма?

– Ислам дінінің адамзат баласының ұстанғанына қаншама ғасыр өтсе де, Алланың құлдарының қажеттілігін қандай жағдайда болмасын өтей алатындығына көз жеткізуге болады. Орындамау керек деген құлшылықты шарттарына қарап, оған да пәтуа мен үкім шығаратын орындардан нұсқаулықтар беріліп, реттеп отырады.

– Қазақстан – зайырлы мемлекет. Азаматтардың діни сеніміне, таңдауына қол сұқпайды. Бірақ, қоғамда діни фанатизм мен радикализм мемлекеттің тыныштығына қауіп тудыратыны рас. Дәстүрлі дін өкілі ретінде айтыңызшы, кері ағымдағы сенімдерге кейбіреулер неге үйір болады?

– Шайтанның айласы көп. Қарапайым өзіңнің жақын бауырыңа туралықты көрсетіп, қисық жолдан аулақ болуға, оны жасамауды айтсаң, тура соны барып жасайды емес пе? Адам ата мен Хауа анаға жеме деген жеміске жоламауды айтқанда соған барып ұрынған жоқ па?! Міне солай. Алла әрбір жанға сана мен пайым-парасат берсін.

– Қоғамда діни радикализм мен экстремизм идеологиясы туындамас үшін азаматтар ең бірінші нені ескеруі керек?

– Отбасы құндылықтарын күшейту қажет. Отбасында ата-ана ұлттық салт-дәстүр мен өзінің асыл дінінің ұстанымымен тәрбиеленсе, қандай ортаға түссе де адаспайды. Біз дереу кінәні өзгеден іздеуге құштармыз. Кінәні біреуге артпау керек. Пайғамбар саллалоһу ғалайһи уассаламның уақытында да дінбұзарлар болған. Ол әр қоғамда болуы заңдылық.

– Сіздерде мешітке келіп некесін қидырған жастардан мемлекеттік органға тіркелген куәлігін көрсетіп растауын сұрайсыздар ма әлде оған қарамай үйлену рәсімін жасай бересіздер ме?

– Сұраққа нақты бір ауыз сөзбен "иә" деп жауап беруге болады. Әрбір мұсылман баласы отбасына келінін түсіріп қойып, мемлекеттік органға тіркелген куәлігін көрсет деп некесін қимай қайтарып жіберу қалай болады екен?! Тиісті орынға барып құжатын алып болғанша
қанша уақыттан бері некесіз қалай жүргізіп қарап отырамыз. Бұлай кім-кім болмасын олай жасата алмайды. Сондықтан ата-ана рұқсатымен ақ, адал некелерін қиып батамызды беріп жібереміз.

– Мемлекеттің саясаты – азаматтардың құқығын, діни сеніміне құрметпен қарап, тепе тең ұстап отыр. Бірақ, кейбір азаматтар діни наным-сеніміне байланысты медициналық вакцинациялаудан бас тартып жатыр. Бұған дін өкілі ретінде не айтар едіңіз?

– Жалпы вакцинаны діни наным-сеніммен шатастыруға және оған телуге болмайды. Ол әрбір азаматтың өз еркі мен қалауында.

– Сондай-ақ кейбір кертартпа діни көзқарасты ұстанатын ата-аналар балаларын мектепке т.б. діни ерекшелігі бар киім кигізіп жібереді. Заң бәріне ортақ екенін білсе де осылай жасайды. Бұл ол азаматтардың дініне берілгендігі ме әлде мемлекеттің саясатына немқұрайлы қарауы ма?

– Мектеп талаптары баршаға ортақ. Ең бірінші осы талапқа селқос қарайтын ата-аналармен жұмыс жүргізу қажет. Мектеп формасы да және ұлттық құндылықтардан да шығып кетпеуіне мән беру керек. Бұдан шығатын жол бар ма? Жол бар. Абайша айтқанда
"закон күші қолымда бола тұра, адам мінез құлқын өзгерте алмаймын деген адамның тілін кесер едім" деген емес пе? Заң бойынша түсіндіру жұмыстары жасалу керек.

– Кейбір діншіл адамдардың өздерінің діни көзқарастарын жақтамағандарды кінәлау мен айыптау көріністері қоғамда жиі кездесіп жатады. Соның бір көрінісі әсіресе әлеуметтік желілерде жиі кездеседі. Айтыңызшы, дінді ұстанушы үшін діни сауатты болу шарт па әлде ата-бабамыз осы жолды ұстанған деп еш ізденбестен, сыни ойланбастан бұрыннан келе жатқан дәстүрді жалғастырып кете бергені дұрыс па?

– Әр адам өз түсінік пайымын өзінше тықпалауға тырысады. Дегенмен қасиетті Құранда "дінде зорлық жоқ" деген. Осы қағиданы білмеудің әсерінен бір-біріне әлеуметтік желіде ар-намыстарына тиіп жатады. Сондықтан әр адам бойына көркем мінезділік пен білімді
сіңірсе, ақ пен қараны ажыратуға жол ашуға болады. Оған қазір мүмкіндік көп. Адам жаны сену үшін жаралған. Жанының тыныштығын тауып беру үшін, ақиқатты іздену керек. Ата-бабамыз адаспаған ақиқатты тауып, асыл дініміздің құндылықтарын бойларына сіңіріп,
болашақ ұрпақтарына бағыт бағдарын көрсетіп кеткен. Сол құндылықтарды сіңіре алмай сенделуде десе де болғандай.

– Түркістан өз алдына бөлек облыс болып шыққанына биыл екі жыл болады. Жаңа облыстың рухани ахуалы қалай? Қандай жаңалықтарыңыз, бастамаларыңыз бар?

– Түркістан өз алдына жаңадан құрылған облыс болғаннан кейін, дін саласы қамқорлыққа мұқтаж екендігін ескеру керек. Облыс аумағы үлкен. Қажырлы еңбек етуді қажет етеді. ҚМДБ ұстанған төрт бағытында имамдарымыз қызметтерін жалғастырып жатыр. Рухани
жеті қазық құндылықтарын бұқара халық арасында насихаттау ТЖ байланысты аздап тежеліп қалды. Дегенмен, онлайн кездесулер болып, әлеуметтік желіде тікелей түсірілімдерді имамдарымыз меңгеру үстінде. Әр нәрсенің қайыры бар деген емес пе?
Алла әлемдегі дерттен амандықпен шығуымызды нәсіп етсін!

– Әңгімеңізге рахмет!


Фото: дереккөз
Загрузка...