Лондонда Қазақстан құрамасын 200-ге жуық жанкүйер қолдайды

18 Сәуір 2019, 19:24
1681
Бөлісу:
Лондонда Қазақстан құрамасын 200-ге жуық жанкүйер қолдайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Апта соңында теннистен Қазақстан әйелдер құрамасы Ұлыбритания құрамасымен Әлемдік топтың екінші раундына берілетін жолдаманы сарапқа салады. Бұл ойын Лондон қаласында өтеді. 

Жерлестеріміз жанкүйерлерсіз қалмайды. Қазақстандық спортшыларға Copper Box Arena стадионында 200-жуық жанкүйер қолдау көрсетеді. Бұл туралы ойын алдындағы баспасөз мәжілісінде теннистен Қазақстан құрамасының капитаны Диас Досқараев айтты, деп хабарлады BNews.kz.

«Бұл ойында бізге Қазақстанның Англиядағы елшілілігі көп көмектесіп жатыр. Олардың айтуынша, трибунада 250-300-дей жанкүйеріміз келіп қолдау көрсетеді. Қазақстандық фанаттардың да өз спортшыларына қалай демеу болатынын өз көздеріңізбен көретін боласыздар. Олар барабан арқылы дауыстарын шығарып, барынша қолдау көрсетуге тырысады. Бұл тәжірибе британдықтарға қызық болуы мүмкін», - дейді Диас Досқараев.

Британиялық журналистер Қазақстандағы теннистің даму қарқынын сұрап, қызығушылық танытты.

«Соңғы жылдары біз Қазақстандағы теннистің дамып келе жатқанын байқаймыз. Бірінші кезекте федерация президенті Болат Өтемұратовтың еңбегі зор. Қазіргі кезде тенниспен айналысып жүрген балалардың саны артып келеді. Федерация басшысы инфрақұрлымды жақсартуға қаржылай көмекті аяп қалып жатқан жоқ. Осыдан 10 жыл бұрын еліміз бойынша бар-жоғы 65 корт болса, қазір бұл көрсеткіш жеті есеге артқан. Теннис орталықтары Қазақстанның барлық аймағында бар. Еліміз бойынша турнирлер жиі өтіп тұрады. Мемлекет тарапынан қолдау аз емес. Осының бәрі отандық теннистің дамуына оң ықпалын тигізіп жатыр», - деді Қазақстан құрамасының капитаны.

Айта кетейік, теннистен Федерация кубогының плей-офф бәсекесі аясындағы Қазақстан мен Ұлыбритания құрамалары арасындағы ойын сәуір айының 20 мен 21 күндеріне жоспарланған. Қазақстан құрамасының намысын Юлия Путинцева, Зарина Диас, Галина Воскобоевалар қорғайды. Ал Ұлыбритания құрамасының сапында Йоханна Конта, Кэти Бултер, Хезер Уотсон, Хэрриет Дарт және Кэти Суон сынды теннисшілер бар.

Бұған дейін Зарина Дияс Лондондағы Федерация кубогының матчына дайындық барысы жайында айтып берген болатын.

Өзгелердің жаңалығы