Зарина Дияс Лондондағы Федерация кубогының матчына дайындық барысын айтып берді

18 Сәуір 2019, 13:39
2155
Бөлісу:
Зарина Дияс Лондондағы Федерация кубогының матчына дайындық барысын айтып берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 20-21 сәуір күні теннистен қазақстандық әйелдер құрамасы Федерация кубогының II әлемдік тобының плей-офф кезеңінде Ұлыбританиямен сайысқа түседі. Қазақстандық теннисші Зарина Дияс Ұлыбритания командасына қарсы Федерация кубогының плей-офф кезеңіндегі ойындарға өзінің дайындығы туралы айтып берді, деп хабарлады BNews.kz.

«Дайындық деңгейім жаман емес. Өткен аптада біраз ауырып қалғаным рас, алайда қазір өзімді жақсы сезінемін. Біз дайындықты жақсы бастадық, сондықтан дайын боламыз деп ойлаймын. Йоханна Конта, Кэйти Бултер деген қарсыластарыма келер болсақ, олардың екеуі де жақсы ойнайды, әлемдік рейтингтің үздік жүздігіне кіреді. Конта үздік-10 құрамында болған. Сондықтан матчтар қиын болады. Бұған қоса, олар өз үйінде ойнайды, британдықтардың жанкүйерлерінен қолдау болады. Жеңіске жету үшін мен қолымнан келгеннің барлығын жасаймын», - деп мәлімдеді Зарина Дияс.

Сайыс 2012 жылы Олимпиада үшін салынған және негізінен гандбол ойынына арналған Copper Box аренасында өтеді. Аренаға 5 мыңнан астам көрермен сыяды. Теннисшінің сөзінше, лондондық арена оған Қазақстан құрамасы өздерінің отандық матчтарын өткізетін Нұр-Сұлтандағы Ұлттық теннис орталығын еске түсіреді.

«Айтқандай, корт біздің Нұр-Сұлтандағы орталық кортымызды еске түсіреді. Үйдегідей, мұнда да жылдам кері серпіліс жасай аласың. Негізі мен Лондонды жақсы көремін, бірақ біз үйде ойнағанымызда тіпті жақсы болар еді, алайда осылай болды. Ал арена түрлі-түсті, қызықты. Лондон да әдемі қала, сол себепті мұнда барлығы жақсы болады деп ойлаймын», - деп атап өтті Зарина Дияс.

Журналистер Қазақстан құрамасының екінші ракеткасынан қайда ойнаған, дәлірек айтар болсақ сыртта немесе үйде ойнаған оңайырақ болатынын сұрады.

«Білесіз бе, қай жерде ойнасаң да жауапкершілік бірдей болады. Не дегенмен құрама үшін, ел үшін ойнайсың. Әрине, үйде ойнаған кішкене оңайырақ. Онда өзіңнің жанкүйерлерің, қолдау болады. Алайда Лондонда да қолдаусыз қалмаймыз деп ойлаймын. Қазақстандықтардың трибуналарда болатыны анық. Федерация кубогы – бұл өзгеше сайыс. Елің үшін, команда үшін ойнайсың. Саған барлығы жанкүйер болып отырғанын сезінесің. Бұл көмектеседі деген ойдамын. Барлық спортшыға мұндай эмоцияны, трибунаның энергетикасын сезіну ұнайды», - деп сөзін түйіндеді қазақстандық теннисші.

Айта кетейік, 20-21 сәуір күні Ұлыбритания астанасы Лондон қаласында теннистен Федерация кубогының ІІ әлемдік тобының плей-офф кезеңі өтеді. Мұнда Қазақстан мен Ұлыбританияның әйелдер құрамасы өзара күш сынасады. Аталған турнирге қатысқан уақыттан бері еліміздің әйелдер құрамасы теннистен Федерация кубогының ІІ әлемдік тобының плей-офф кезеңіне үш рет жолдама алған – Францияға (2013), Канадаға (2017) және Ұлыбританияға (2019).

Аталған жарыста Қазақстанның намысын Юлия Путинцева, Зарина Дияс, Анна Данилина, Галина Воскобоева қорғайды. Олардық қарсыластары – Йоханна Конта, Кэйти Бултер, Хитер Уотсон, Хэрриет Дарт, сондай-ақ Кэйти Суон.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан мен Ұлыбританияның әйелдер құрамасының өзара кездесуі алдында Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев тілшілердің сауалына жауап берді. Оның пікірінше, жеңіске жетудің басты факторы – психологиялық тұрақтылық.


Өзгелердің жаңалығы