Бас жаңалықтар
Ломоносов атындағы ММУ-дың қазақстандық филиалының жұмысын реттейтін заң қабылданды
25 Сәуiр 2019, 11:14 347

Ломоносов атындағы ММУ-дың қазақстандық филиалының жұмысын реттейтін заң қабылданды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін «ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы Ломоносов атындағы ММУ-дың қазақстандық филиалының жұмыс істеуі туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заң жобасы қабылданды.

Заң жобасын ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова таныстырды.

«ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2000 жылы Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалын ашу жөнінде бастама көтерді. Сол жылы 9 қазанда Ресей президенті Путиннің Қазақстанға жасаған сапары кезінде филиалдың құрылуы туралы хаттамаға қол қойылды. Филиал осы уақытқа дейін Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында қызмет етуде. Қазақстандық филиалдың қызметін одан әрі заңнамалық тұрғыда бекіту мақсатында 2017 жылы 9 қарашада Челябинск қаласында өткен Қазақстан мен Ресей арасындағы 14-ші өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында «ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасында Ломонсов атындағы ММУ-дың қазақстандық филиалының жұмыс істеуі туралы келісімге» қол қойылды. Осы келісім филиалдың жұмыс істеуін реттейді», - деді Шәмшидинова.

Министрдің айтуынша, келісімде Қазақстанның жоғары оқу орындарында көзделген көлемде Қазақстан тарихы мен қазақ тілін міндетті түрде оқыту қарастырылған. Бұдан басқа, оқу жоспарында Қазақстанды жаңғыртудың өзекті мәселелері туралы әлеуметтік-гуманитарлық пәндер циклы оқытылады. Қазір филиалда 605 студент білім алуда. 14 жылдың ішінде 1725 маман даярланған. Сенаторлар аталған заң жобасын қабылдады.


Фото: ашық дереккөз

Сізден жаңалық