Лингвистикалық комиссия Тоқаевтың қазақшасынан бір қате таппады

23 Сәуір 2019, 18:34
4527
Бөлісу:
Лингвистикалық комиссия Тоқаевтың қазақшасынан бір қате таппады
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілді меңгеруден емтихан тапсырды. Лингвистткалық комиссия кандидатты қазақ тілін толық меңгерген деп таныды. 

"Лингвистикалық комиссия жұмысын бастады. Тұңғыш үміткерден емтихан алынды. "Нұр Отан" партиясы ұсынған үміткері Қасым-Жомарт Тоқаев келіп емтихан тапсырды. Екі сағат деңгейінде бізде болды. Ережеге сәйкес емтиханды тапсырды. Бірінші "Абай поэзиясы мен қара сөздері" тақырыбын, екінші мәтін оқуға Шерхан Мұртазаның "Мыңбұлақ" әңгімелері мен хикаялар жинағын таңдап алды. Үшінші өзінің жанына жақын тақырып Қазақстанның геосаясаты туралы әңгімелеп берді", - деп айтты комиссия төрағасы. 

Лингвистикалық комиссия Тоқаевтың қазақшасынан бір қате таппады

Мырзатай Жолдасбеков Қасым-Жомарт Тоқаев жазба жұмысында Абайдың поэзиясы мен қара сөздерінің халыққа беретін маңызы туралы терең жазғанын атап өтті. 

"Бір де бір қате көргеніміз жоқ. Өткен жолғы президентіміз де осылай жазған еді. Шерхан Мұртазаны өзі таңдап алды. Үш бетін мәнерлеп, ырғақпен оқыды. Таң қалдым. Қазақстанның қазіргі геосаясаты туралы терең толғады. Комиссияның мүшелері толық қатысып, пікірлерін толық айтты. Лингвистикалық комиссияның қорытындысы - Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекеттік тілді толық меңгерген", - деп айтты Мырзатай Жолдасбеков ОСК қабырғасында. 

Ол лингвистикалық комиссия алдына келетін кандидаттарға шын жүректен табыс тіледі.

Еске салсақ, ҚР Президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаев жазбаша тапсырмада "Абай Құнанбайұлының поэзиясы мен қара сөздері" тақырыбында екі беттік шығарма жазды, екінші тапсырмада Шерхан Мұртазаның "Мыңбұлақ" кітабынан мәнерлеп үш беттік үзінді оқып берді. Ал үшінші тапсырмада еркін тақырыпта 15 минуттан кем емес сөз сөйлеуі тиіс болатын.


Өзгелердің жаңалығы