Қарағанды, BAQ.KZ. Қарағанды облысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлығына сәйкес латын қарпіне көшуге байланысты бірқатар шаралар атқарылуда. Бұл туралы Қарағанды облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанынан құрылған Ресурстық тіл орталығының директоры Гүлназ Серікқызы Мұстағұлова мәлімдеді.
Ресурстық тіл орталығы өзінің қызметін 2018 жылғы мамыр айынан бастап, бүгінгі күні облыс аумағында қазақ тілін латын графикасына көшіру бойынша тиімді жұмыстарды жүзеге асыруда.
«Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» республикалық орталығымен, облыстық деңгейдегі мемлекеттік мекемелермен, жоғары оқу орындарымен, жеке кәсіпкерлік субъектілерімен өзара ынтымақтастық орнатылып, бірлескен іс-шаралар жоспары аясында бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, қазіргі таңда біздің Орталық тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар тек облысымызда ғана емес, сондай-ақ еліміздің басқа да Астана, Шымкент, Тараз, Көкшетау, Ақтөбе, Талдықорған қалалары, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарындағы оқыту орталықтарымен өзара ынтымақтастық аясында жүргізіліп жатыр. Атап айтсақ, WhatsApp желісі арқылы жүргізіліп келе жатқан «Аудиодиктант жазамыз» онлайн-акциясына жоғарыда аталған оқыту орталықтарының оқытушылары мен тыңдаушылары белсенді қатысуда. Биылғы жылы 699 адам қамтылды», – дейді Г.Мұстағұлова.
2018 жылы облыс аумағында жалпыхалықтық диктант, жаңа емле ережелерін талқылау, тіл мамандарына, түрлі нысандағы ұйымдардардың қызметкерлеріне республикаға танымал қоғам қайраткерлері мен тіл жанашырларының, лингвист ғалымдардың қатысуымен ақпараттық-түсіндіру шаралары, сондай-ақ жоғарғы оқу орындары мен білім беру ұйымдарында флэшмоб, әлеуметтік желі пайдаланушылары арасында түрлі акциялар жүргізілген.
Г.Мұстағұлованың айтуынша, былтырғы жылғы тамыз айынан бастау алған облыс аумағындағы ересектер арасында латыннегізді әліпбиге көшудің маңыздылығын түсіндіру, қоғамда оң пікір қалыптастыру, ішкі психологиялық кедергілерді жою, жаңа әліпбиде оқу және жазу дағдыларын қалыптастыру мақсатында жүргізілген «Latynsha jazyp daǵdylanamyz» тренингі бүгінгі күні де тұрақты жүргізілуде. 2018 жылы 203 мекемеден 6450 адам қамтылса, 2019 жылғы қаңтар-наурыз айлары аралығында 172 мекемеден 4006 адам қатысып үлгерген. Дағдыландыру жұмыстарын Орталық мамандарымен қатар аудан, қалалардағы латын графикасын енгізуге жауапты мамандар тарапынан тиімді жүргізілуде.
«Әлеуметтік желінің ақпараттық кеңістіктегі ықпалын ескере отырып, көпшілікті жаңа әліпбимен таныстыру және латын графикасында ұсынылған ақпаратты визуалды тұрғыда оңай қабылдауына ықпал ету мақсатында «Қазақша оқы, latynsha jaz», «9 аудан, 9 қала», «Мақалды жалғастыр» атты акциялармен қатар, түрлі жоба ұйымдастырылуда. Аталған жобалардың ішінде, оқырмандар тарапынан үлкен қолдау тапқан «Бүгінгі ой» жобасын ерекше атап өткім келеді. Бұл жобаның мақсаты қазақ ойшылдары мен әлем қаламгерлерінің маржан ойларын заманауи дизайнда латын қарпімен жариялап, оқырман назарына ұсыну болатын. Ал «Latyn sýbtıtr» жобасына пилоттық бейнеролик ретінде әлеуметтік желіде көп қаралым жинаған, үлкен әлеуметтік ой салатын ағылшын тіліндегі ролик алынды. Бұл өз кезегінде латын графикасындағы жаңа қазақ әліпбиімен оқылым арқылы таныса отырып, тыңдалым арқылы ағылшын тілін де үйренуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жаңа әліпбиде орын алған өзгерістерді түсіндіру мақсатында 2D форматындағы анимациялық ролик даярланды. Бұл жобалардың барлығы интернет кеңістігінде, оның ішінде YouTube видеохостингінде жарияланған», – дейді Г.Мұстағұлова.
Орталық мамандары оқыту үдерісіне музыканың, оның ішінде караокенің әсері зор екені туралы тұжырымдарды ескере отырып, Youtube желісінде «Latyn karaoke» жобасы аясында бірнеше ән топтамасын орналастырды. Ол үшін жаңа таңбаларды визуалды тұрғыда есте сақтау мүмкіндігін беретін танымал әндер іріктеліп алынған. 2018 жылы ҚР Тұңғыш Президенті күні аясында барлық деңгейдегі білім беру ұйымында «Latyn karaoke» флешмоб акциясы өткізіліп, оған 3 мыңнан аса адам қатысты. Орталық тарапынан биылғы жылы да біршама шара атқару жоспарлануда.
«Бүгінгі күні Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының тапсырысы аясында «Үш байлық» ҚБ директоры, қоғам қайраткері, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы бас директорының кеңесшісі Оразкүл Асанғазы бастаған жұмыс тобы Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаров аудандарында жұртшылықты жаңа әліпбимен және Ұлттық комиссия жанынан құрылған Техникалық және ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі жұмыс тобы әзірлеген мобильді қосымшалар мен электрондық бағдарламаларды тереңірек таныстырып, Үкіметтік комиссиямен мақұлданған емле ережесіндегі жаңалықтарды негізге ала отырып, оқу және жазу дағдыларын жетілдіру мақсатында семинар-тренинг өткізді. Осындай тренингтер Приозерск, Балқаш, Ақтоғай, Шет өңірлерінде сәуір айында, ал Жезқазған, Сәтбаев, Ұлытау, Жаңаарқа, Қаражал аумағында мамыр айында жалғасады», – дейді Г.Мұстағұлова.
Биыл 26 наурыздан бастап қараша айына дейін Нұр-Сұлтан қаласында ҚР МСМ Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы тарапынан ұйымдастырылатын «Жаңа емлені оқыту әдістемесі» атты латыннегізді қазақ жазуын меңгертетін республикалық оқыту курсына Ресурстық тіл орталығының және аудан, қала әкімдіктеріне қарасты мекемелердің мамандары қатысады. Облыс аумағындағы ересектердің жаңа жазуды меңгеру барысында барынша жылдам әрі сауатты жазу және қарқынды оқу дағдысын қалыптастыру мақсатында қысқамерзімді оқыту курстарын жүргізу ұйымдастырылатын болады.