Қазақ ғалымдары күріштің жаңа түрін ойлап тапты

23 Қыркүйек 2019, 12:01
14400
Бөлісу:
Қазақ ғалымдары күріштің жаңа түрін ойлап тапты
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қазір біз «Сыр сұлуы», «Айкерім» сияқты күріштің жаңа сорттарын өндіріске енгізіп жатырмыз. Бұл жоғары сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнім түрі. 

Бұл туралы Ы.Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, биология ғылымдарының кандидаты Бақытжан Дүйсембеков сұхбат кезінде айтты. 

- Бақытжан Әлішерұлы, күріш шаруашылығында қолжеткізген жетістіктеріміз көп деп жатсыз, соның ішінде күріштің жаңа сорттары жайлы айтып берсеңіз?

Иә, біз қазір күріштің бірнеше сортын жасап шығардық. Солардың бірі «Сыр сұлуы» мен «Айкерім». Бұл «Маржаннан» кейінгі нарықта өте жоғары сұраныстағы сорттар. Қызылорданың «Маржан» күріші әлемге аты шыққан сорт. Одан соңғы кезде біздің тауар өндірушілер бас тартып жатыр, оған себеп 2006 жылдары «перекулез» деген ауру шықты. Бұл өте қауіпті ауру, бір аптаның ішінде бүкіл өнімді жоқ қылады. Яғни, буын сабақтары, масақтарына дейін ауру тараған кезде өнім бермей қалады. Осы «Маржан» сортын шығарған кезінде бұндай ауру елімізде жоқ еді, алдымызда ондай ауруға төтеп беру керек деген мақсат та болған жоқ. Мұндай ауру 2006-2008 жылдары ресейлік сорттар біздің нарыққа кіре бастаған кезде солармен бірге келген. Кейін ол Қызылорда облысында қатты тарады да, біздің «Маржан» күрішіміз соған шалдықты. Өнімді жоғалтқан соң біздің тауар өндірушілер сырттан басқа сорттарды алып келе бастады. Олар «Лидер», «Янтарь», «Новатор» деген күріш түрлері. Қызылорда облысында қазір 88%-ы «Лидер» мен «Янтарь» егіліп жатыр. Бұлар ауруға төзімді, өнімділігі жоғары, дәні сопақша келеді. Алайда, бұлар да «перекулез» ауруына шалдығы бастады. Биылдың өзінде бір шаруашылықтың 2700 гектар жеріндегі өнімін осы ауру шығынға алып келе жаздады. Дегенмен, біздің ғылыми-зерттеу институтының арқасында оны сақтап қалды. Яғни, ауруға қарсы керекті дәрі-дәрмектерді бердік. 

- Тауарөндірушілер күріштің жаңа сорттарын сырттан әкеп жатыр дедіңіз, ал сіздер шығарған күріш түрлерінің олардан қандай артықшылығы бар?

Күріш өндіруші шаруалар басқа сорттарды іздеп жатқаны рас. Мәселен, ресейлік «Лидер» 125 күнде піседі, қазір Қызылорда облысының климаты да өзгеріп келеді. Көктем кеш шығады, күз ерте түседі. Ал мына күріштің өсіп-өну мерзімі ұзақ. Ал, «Маржан» сорты 110-118 күнде піседі. «Сыр сұлуы» 105-110 күнде дайын болады. Биыл осы «Сыр сұлуын» сынақ ретінде бес шаруашылыққа таратқан едік, барлығы 70 гектардың көлемінде егілді. Бұл сорттың «Лидермен» салыстырғанда, түсі аппақ жәні көлемі ірі  болып келеді. Мәселен, «Лидердің» мың дәнінің салмағы 31-32 грамм болса, «Сыр сұлуы» 36-40 гр дейін барады. Яғни, мұның өнімділігі өте жоғары. «Айкерім» мен «Сыр сұлуы» қазіргі бәсекелестікке жауап беретін нағыз күріш түрлері. 

- Біздің ғалымдар бұған дейін күріштің жаңа сортын жасаумен айналыспай келді ме?

Бұған дейін қазақ ғалымдары неге жаңа сорттарды шығармай келді дегенге келсек, оның барлығы біздің материалдық техникамыздың сын көтермейтін жағдайда болуы. Одан кейін 2018-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламада ұрықтандыруға қатысты бағытты өкінішке қарай алып тастады. Бұдан келіп біз селекциямен айналысатын мамандарымызды жоғалтамыз. Соған қарамастан біз бюджеттен тыс қаржымен осындай дүниелерді жасап келе жатырмыз. 

Енді аграрлық сала ғылымына реформа жасау керек болса, осы ғылыми-зерттеу институттарына жағдай жасау қажет. Мәселен, шаруа қожалықтарда мықты техника мен технология бар, алайда біз оған сай келетін сорттарды беруге өзіміз қауқарлы болуымыз керек. Сорттардың бәрін қашанғы шетелден әкеле береміз. Ресейден әкелінетін мына күріш сорттарына облыс жылына 140 млн теңге бөледі. Оны әр үш жылда ауыстырып тұрады. Өйткені оның құрамына қызыл дән кіріп, жабайыланып, сорт тоза бастайды. Сондықтан әр үш жыл сайын өндіріске жаңа сорт кіріп тұру керек. Соның бәрін өзімізде шығарылған сорттармен қамтамасыз етіп отырсақ, өнімділікті жоғары деңгейде ұстап тұра аламыз. Мәселен, былтыр ауа райының қолайсыздығына байланысты күріштің 40%-ы піспей қалды. Қазір соның әсерін байқап жатырмыз, яғни елімізде күріш бағасы бірден көтеріліп кетті. 

- Елімізде күріштің негізгі бөлігі Қызылорда облысында өсірілетіні белгілі, биыл қанша жерге күріш егілді?

Статистика бойынша Қазақстанда 100 мың гектар көлемінде күріш егілген, оның ішінде Қызылорда облысында биыл 85,7 мың гектар жерге күріш егілді. Күріш сондай-ақ Алматы мен Түркістан облыстарына да егіледі. 

- Осы күріш шаруашылығында тағы қандай жаңалықтарыңыз бар, қандай проблемалар бар айта отырсаңыз?

Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігімен Қызылорда облысының агрокартасы бекітілген. Сол картаға сәйкес әртараптандыру дақылдарын егу бағдарламада тұр. Өйткені қазір су тапшы. Былтырдың өзінде Қазалы ауданында 600 гектар судың жетіспеушілігінен күйіп кетті. Осы бағытта суды аз тұтынатын дақылдарға қатысты Қызылордадағы Ыбырай Жақай атындағы қазақ күріш ғылыми-зерттеу институты жоңышқаның «Т-15» деген жаңа сортын жасады. Ол қазір нарықта бар, өндіріске енгізілген. Келешекте үміт арттыратын тағы бір сортымыз бар, ол «Алаула» деген түйежоңышқа. Бұл әдеттегі жоңышқадан 3 есе артық өнім береді. Мұның тағы бір артықшылығы топырақтағы тұзды өзіне сіңіреді, азотты тамыр түйнегіне жинайды.  Тамыры 5-6 метр тереңдікке кетеді. Осылайша, екі жылда жерді тыңайтып шығарады. Ал жоңышқа топырақты 4-5 жылда бірақ қалпына келтіреді. Бұның тағы бір артықшылығы ол - мал азығы.  

Сонымен қатар, Қызылорда облысына төзімді арпаның бірнеше сортын шығардық. Арпаның өзі көпқатарлы деген сияқты өнімі жоғары түрлері болады. Бұны күріш алқабын тыңайту үшін ауыстырған кезде егеміз. Биыл Қызылорда облысының Ауыл шаруашылық басқармасының қолдауымен бұршақ дақылдарын 20 гектарға ектік, қазірдің өзінде 20 центнерден артық өнім алатындай жағдайы бар. Бұрын Қызылорда облысында майбұршақты өсіру мүмкін емес деп айтатын, алайда біз инновациялық технологиялардың арқасында оны іске асырып жатырмыз. Биыл бұл шаруашылық 20 гектарға ексе, келесі жылы 400 гектарға дейін егуді жоспарлап отыр. Өйткені бұл суды аз тұтынатын әрі мал азықтық дақылы. Қазір осыны фермерлерге насихаттап жатырмыз. 

- Инновациялық жаңалықтарымыз көп деп жатсыз, олар үкімет тарапынан қолдау тауып жатыр ма?

Биыл Қызылорда облысының ауыл шаруашылық басқармасы 7 жобамызды қолдады. Осылайша, біз 7 жобамен жеті инновацияны алып келдік. Ол қандай дегенге келсек, мына Қаратау етегіндегі Жаңақорған мен Шиелі аудандарындағы тәлімі жерлерге бидай мен мақсарыны ектік. Биылғы күннің қатты ыстық болуына қарамастан бидайдан 13 центнер, мақсарыдан 7,5 центнер өнім алдық. Көрші Түркістан облысында мақсары өспей, комбайнға ілінбейтіндей шығып 4 центнер ғана өнім алды. Біз аквагель деген дәріні қолдану арқылы, яғни бір суарусыз өнім алдық. Одан бөлек «Сыр сұлуы», «Айкерім», «Сәлима» деген күріш сорттарын өндіріске енгізіп жатырмыз. Одан кейін егілетін тұқымды сауықтыруға байланысты бірқатар жұмыс атқарылды. Егер біз тұқымды дұрыстамасақ, қоқыс сеуіп, қоқыс аламыз. Өйткені күріштің өзінде жеті түрлі ауру бар, оны мен дәлелдеп шықтым. Мәселен, бес түрлі саңырауқұлақ ауруы және екі түрлі бактериялық ауру бар екен. Қазіргі кезде өндірісте күріштің 1 гектарға шығымы 7,5 млн дана дән, яғни 300 кг дейін себеді. Біздің технологияны пайдаланатын болса 200-220 кг ғана себеді. Өйткені 30% шығымдылығы бар. Жаңағы аурулар топыраққа келгенде қолайлы жағдай болады да дәннің өнімділігін жоққа шығарады. Сондықтан сауықтырған тұқыммен жұмыс істеу керек. Жеті түрлі ауруды адам баласы көзбен көре бермейміз. Былай қарағанда бәрі әдемі, ірі дейміз. Алайда, оның ішінде ауру бар екенін ешкім біле бермейді. Сондықтан тұқымды дәрілеуді міндетті шараға айналдыру бастамамыз қолдау тауып, биылғы шаруалар 55-60 центнер өнім алды. Бәрі сол тұқымды сауықтыру технологиясы мен дәрі-дәрмекті пайдаланудың арқасы. 

- Әңгімеңізге рақмет!
Өзгелердің жаңалығы