БҒМ ата-аналардың критериалдық бағалауға қарсы петициясына жауап берді

1 Қараша 2019, 15:54
3416
Бөлісу:
БҒМ ата-аналардың критериалдық бағалауға қарсы петициясына жауап берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова оқушылардың білімін критериалдық бағалаудың артықшылығы туралы айтып, ата-аналардың петициясына жауап берді. 

Бұрынғы жүйеде балалар бір-бірімен жарыстырылатын. Мысалы, сыныпта 20 оқушы болса, бес бала өте жақсы оқуы мүмкін, бес бала орташа, бес бала төмен дегендей. Сол сыныптың ішінде бір оқушының алған бағасы өте жақсы оқитын оқушының бағасымен салыстырылып қойылатын еді. Бүгінде осы қаншалықты дұрыс? Қазіргі критериалдық жүйе осыны болдырмау үшін жұмыс істеп жатыр. Нақты білімнің стандарты, бағдарламасы бар, осы стандартты қалай игергенін білу үшін критерий жасалады. Осы критерийді бала игерсе, тоқсандық бағалауда өзінің нақты бағасын алады. Жиынтық бағалау дегеніміз тоқсанда қойылатын бағалау. Қалыптастырушы бағалау бір тоқсанда әр пәннен екі немесе үш рет болуы мүмкін. Міндетті түрде соның 50%-ы ескеріледі. Жиынтық бағалаудың 50%-ы ескеріліп қойылады. Сонда оқушының күнделікті жұмысы ескерілмей қалды деген сұрақ туындамайды, - деді вице-министр.

Екі күн бұрын ата-аналар критериалдық бағалау жүйесін тоқтату туралы Білім және ғылым министрлігіне арнап петицияға қол жинауды бастаған еді. Осы орайда Каринова министрліктің петицияға қатысты позициясын білдірді.

Министрлік бұл сұраққа қалай қарайды? Біз мұның қандай петиция екенін білмейміз. Ата-аналар ма не ата-аналардың қандай санаты екенін анықтау біздің құзыретімізде емес. Бірақ біз мұғалімдермен, ата-аналармен, оқушылармен әрі қарай түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ескі жүйенің оң және теріс тұстарын көрсетіп, дәлелдеуді жалғастырамыз. Қаншалықты критериалдық бағалауда мәселелер барын, оны қалай жетілдіреміз дегенмен жұмыс істейміз. Бұл бір күннің жұмысы емес, жүйелі жұмыс, - деп жауап берді Каринова.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова интернетпен қамтылмаған ауыл мектептері қағаз журналдарды қолдана беретінін айтты.

Өзгелердің жаңалығы