Коронавирустың жаңа толқыны. Алматыда қанша медицина қызметкері резервте тұр?

11 Қараша 2020, 14:28
2110
Бөлісу:
Коронавирустың жаңа толқыны. Алматыда қанша медицина қызметкері резервте тұр?
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Коронавирустық инфекцияның таралуы денсаулық сақтаудың көптеген мәселесін тудырды. Бұл туралы Алматыдағы Жоғары медициналық колледжінің директоры Светлана Сұлтанғазиева онлайн брифинг барысында айтты.
 

Оның айтуынша, пандемия әлеуметтік-экономикалық мәселелерден тыс, дер кезінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, клиникалардың материалдық-техникалық жарақтандыруды, инфекциялық ауруханадағы төсек-орынды өсіруді және денсаулық сақтау ұйымдарын медицина кадрларымен қамтамасыз етуге ерекше назар аудартқан.

Алматы қаласында Қоғамдық денсаулық басқармасына қарасты 74 ұйым, 20 Республикалық ұйым және 93 жеке меншік нысанындағы ұйым бар. Бұл ұйымдарда 38 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Медициналық кадрлармен қамтамасыз етуді талдау кезінде, биылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша COVID-19 емдеуге 27 денсаулық сақтау ұйымы жұмылдырылып, 6 200-ге жуық төсек-орын орналастырылғаны анықталды. Сол кезде инфекциялық стационарларда 4035 қызметкер еңбек етті, - дейді ол. 

Бірақ қазіргі күні эпидемологиялық жағдайдың тұрақталуына байланысты көпсалалы клиникалар қалыпты режимге көшкен. Коронавирустық инфекциясы бар жұқпалы клиникаларда 100-ден астам науқас бар, 400-ге жуық дәрігер және мейіргерлер мен кіші медициналық персоналдар штаттық режимде жұмыс істеп жатыр.

Жаңа толқын жағдайында 5 500-ге жуық медициналық кадр резервте тұр. Медициналық жоғары оқу орындарының оқытушылары, резиденттер мен дәрігер интерндерінен резерв қалыптастырылды, олардың саны 450-ге жуық. Дегенмен эпидемиолог, реаниматолог, пульмонолог, инфекционист дәрігерлердің, сондай-ақ, орта медициналық қызметкерлердің тапшылығы байқалды, - дейді Сұлтанғазиева. 

Сонымен қатар ол Алматы қаласында медицина кадрларын даярлау мәселелеріне тоқталып өтті.

2020 жылы медициналық колледждерде оқуды аяқтаған 3 628 түлек диплом алды, атап айтқанда, біздің колледжден 364 маман бітірді. Биыл түлектер арасында жұмысқа орналасу пайызы жоғары және 93%-ға дейін жетеді, бұл біздің студенттеріміздің қажеттілігін және білім берудің тиісті сапасын көрсетеді. 2021 жылы колледждердің 4 100-ден астам студенті оқуын аяқтайды, олар Алматы қаласы мен өңірлердің тәжірибелік денсаулық сақтау саласындағы қатарларын толықтырады, - деп атап өтті ол. 

Сұлтанғазиева сөз арасында дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлерін дипломнан кейінгі даярлауға жергілікті бюджеттен қаржыландыру жылдан-жылға өсіп келе жатқанын атап өтті. 

 

2018-2019 жылдармен салыстырғанда 2020 жылы Алматы қаласының медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға жергілікті бюджеттен 60%-дан астам қаржы бөлінді. Сондай-ақ, 2020-2021 оқу жылдарында біздің колледжде оқу үшін 325 грант бөлінді, ал алдыңғы жылдары гранттар саны 225-тен аспаған еді, - дейді колледж директоры. 

Өзгелердің жаңалығы