Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Медицина ғылымдарының докторы, С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің Жұқпалы және тропикалық аурулар кафедрасының профессоры Равиля Егембердиева онлайн брифинг барысында коронавирус неліктен мутацияға ұшырап жатқанын түсіндіріп берді.
Оның айтуынша, вирустардың мутациялануы табиғи құбылыс, жер шарындағы барлық тірі ағзаның жетілуінде болатын жағдай. Ол вирус әлемінде де болып тұрады.
Вирустар өздігінен тіршілік ете алмайды, ары қарай өмір сүру үшін қожайынның ағзасы керек. Сондықтан олар әрдайым эволюциялық әсерге ие. Адамның иммундық жүйесі қоздырғыштарға қарсы күресте түрлі әдіске барады. Қожайын ағзасының вирустарға қарсы тұратын басты әдісі антидене түзу. Антидене адам ағзасындағы жасушаларды вирустың еніп кетпеуінен қорғайды. Ол үшін жасуша сыртында мықты қалқан түзеді. Олар қандай да бір вирус штамының еніп кетпеуіне қорған болады, - дейді профессор.
Сондай-ақ оның айтуынша, адам ағзасы қорған қалқанын түзген уақытта қоздырғыштар да жай жатпай, иммундық жүйені бұзу үшін қандай да бір тәсілге баратын көрінеді.
Ол көптеген көшірменің жасалуымен немесе мутациялық жолмен іске асады. Мутацияланған вирустар макроағзаның түрлі жасушаларына еніп кетеді, бұл вирус штамының басым түсетін жері. Вирустың алғашқы нұсқасы иммундық жүйеге қарсы тиімсіз болғандықтан, олар мутацияланып отырады. Өйткені адам ағзасында мутацияланған вирусқа қарсы тұратын антидене жоқ. Сондықтан вирус әрдайым өз құрамын өзгертіп отырады. Қазір біз коронавирустың мутацияланған, жаңа штамдарының пайда болып жатқанын көріп отырмыз. Оның арты жаңа аурулардың пайда болуына әкеледі, ал онымен күресте медицина үлгермей жатыр. Сондықтан оған қарсы вакцина алған жөн, - дейді Равиля Егембердиева.
Қазір Қазақстан бойынша эпидемиологиялық жағдай жақсарып келеді. Бұған дейін Алматыда тәулігіне 700-дей жағдай тіркелген болса, кеше 130-дай жағдай тіркелген. Бұны мамандар халықтың жаппай екпе алуымен байланыстырып отыр.