Компьютерлік томографияға түсу неге қиындап кетті?

30 Маусым 2020, 13:34
3170
Бөлісу:
Компьютерлік томографияға түсу неге қиындап кетті?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазір елде ауру өршіп тұр. Көктеммен салыстырғанда жаздың алғашқы айы қиынға соқты. Осы ретте адамдар компьютерлік томогорафияға барып түсейін десе не жабық, не ұзын-сонар кезек. 

"Жағдайдың бәрі бақылауда" деп құтылатын біздің құзырлы органдардың мұндай болатынын ескермегінінің бір көрінісі осы.

Елдегі ең көп індет жұқтырғандары көп Нұр-Сұлтан қаласындағы орталықтарға хабарласып көргенбіз. Жалпы, елордада мемлекеттік және жекеменшік 22 медициналық мекемеде компьютерлік томография бар екен. Жай күндері шертіп жүріп, шетінен өз қалағанына баратын мүмкіндік бүгінде жоқтың қасы.

Сол 22 мекеменің тек төртеуі ғана адам қабылдайды. Оның өзінде тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша учаскелік дәрігердің арнайы жолдамасы керек. Бұл тегін тексерілудің жалғыз мүмкіндігі. Терапевт немесе педиатр науқастың жағдайына байланысты арнайы жолдама береді.

Емханаға бармас бұрын жедел-жәрдемге қоңырау шалып шақырамын деп әуре болудың қажеті жоқ. Келген дәрігер бәрібір де жолдама жазып бермейді.

Елордадағы компьютерлік томографиядан өтуге болатын мекемелер:

Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу инистуты (Абылай хан даңғылы, 15 а);

"Green clinic" (Хусейн бен Талал 25/1)

Ішкі істер министрлігінің госписталі (Қабанбай батыр даңғылы, 56 а);

Бас әскери госпиталь (Бейбітшілік даңғылы, 47).

Айта кететіні, компьютерлік томграфия аппараты бар орталықтардың басым бөлігі карантинде. Қашан жұмысқа шығатындарын өздері де білмейді. Ал сол жағалаудағы ірі медицина мекемелеріне хабарлассаң, шілденің аяғы мен тамыздың басына дейін кезек екендігі айтылып жатыр. Адамдар алдын-ала жазылып қойған. Кейбір емханаларда аппараттары істен шыққан. Мысалы, сол жағалаудағы ұлттық кардиохирургия орталығында жағдай осындай. "Тоғыз әйелдің толғағы бір күнде келді" деген осы шығар.

Ал уәдені көп беретін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қосымша КT және желдеткіштерді де сатып аламыз деп отыр.

Біз республикалық клиникалармен (Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты, Ұлттық ғылыми медициналық орталық, Green Clinic) әр қалалық емхана үшін компьютерлік томография мүмкіндігін қамтамасыз ету туралы келісімге қол қойдық. Бұл пневмонияны ерте анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар біз қосымша КT және желдеткіштерді де сатып аламыз, - дейді Алтай Көлгінов.

Қазіргі кезде Ұлттық сараптама орталығы бірнеше қаладағы жеке тұлғалар арасында ақылы тестілеуден өткізуді де тоқтатты. 

Дені сау адамдар орталықтарға көптеп бара бастады. Бұл дұрыс емес! Осындай әрекеттер зертханаларға үлкен жүктеме болуда. Біз жеке тұлғалар арасында ақылы ПТР тестілеуді тоқтату туралы шешім қабылдадық. Емханалармен және ауруханалармен жұмыс жасауды жалғастырамыз. Біз оларға баса назар аударамыз. Себебі симптомдары бар адамдар тесттерді жылдам тапсырып, тез нәтиже алуы керек, - деген болатын Ұлттық сараптама орталығының елордадағы филиалының басшысы Талғат Тұңғышбаев.

23 маусымнан бастап елорда емханалары жоспарлы қабылдау мен науқастарды қарамайтын болды.

Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Сәуле Қисықованың айтуынша, осы күндері тәулігіне 600-ге жуық адам пневмонияға шалдығып жатыр.

Пневмониямен ауыратындар саны тәулігіне 600 жағдайға дейін өсті. Бұрын 80 жағдайға дейін ғана болатын. Аптасына 8,5 есеге дейін жоғарылау байқалып отыр, - дейді Сәуле Қисықова.

Қазіргі кезде елордада күніне коронавирус инфекциясы және пневмониямен 350-400-ге жуық адам ауруханаға жатқызылады екен. 

Жұқпалы аурулар және провизорлық ауруханаларда адамдардың саны бүгінде 2,5 мыңға дейін өсіп отыр. Оның 91 пайызы орташа ауырлық дәрежесінде, 9 пайызы ауыр және өте ауыр. Олар жедел реанимация бөліміне бірден түседі. Негізі, соңғы аптамен салыстырғанда, науқастардың саны үш есеге дейін өсті, - деді ол.

Ал халық саны 2 миллионға жуықтаған Алматы қаласында да жағдай мәз емес. Дәріханаларда парацемотол секілді дәрілердің өзі жетіспей жатқаны белгілі. Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қамалжан Надыровтың радиациялық сәулеленудің жоғары болуына байланысты дәрігердің тағайындауынсыз КТ-ны жүргізу ұсынысы жасалмайтынын айтты.

Коронавирус инфекциясы кезінде жиі кездесетін және қауіпті асқынуларының бірі - пневмония. Жағдайдың ауырлығын бағалау үшін өкпенің томографиясын дер кезінде жүргізу қажет. Осыған байланысты қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы КТ қызметін ұсынушылардың тізілімін жасады. Қалада осындай 12 жеткізуші бар. КТ қызметін ұсынушылар диагнозы расталған пациенттер мен соған ұқсас белгілері бар науқастар үшін жеке жұмыс кестесін анықтады. Сонымен қатар, үш ай ішінде қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасына және жедел медициналық жәрдем ауруханасына КТ аппараттарын жеткізу күтілуде, бұл зерттеуге қол жетімділікті арттырады, - дейді Қамалжан Надыров.

Оның айтуынша, коронавирусты жұқтырған жағдайда, КТ тек бірнеше жағдайда ғана қажет. 

Біріншіден, вирустық пневмонияны растау немесе жоққа шығару қажет болса, ауру кезінде асқынуы мүмкін өкпеге әсер ететін басқа ауруды жоққа шығару керек болса. Екіншіден, өкпе таза болса, сонымен қатар ауру анық жеңілдетілген сценарий бойынша жүрсе, жұқтырғаннан кейінгі алғашқы 3 күнде КТ жасаудың қажеттілігі жоқ, - дейді басқарма басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда қанша томограф жұмыс істейтіні жайлы хабарлаған едік.
Өзгелердің жаңалығы