Үкіметтік емес ұйымдарға салық рақымшылығы беріледі

27 Наурыз 2019, 09:52
1816
Бөлісу:
Үкіметтік емес ұйымдарға салық рақымшылығы беріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Әлия Ғалымова ағымдағы жылы өткізіліп жатқан салық рақымшылығы жөнінде Қаржы министрлігінің ресми түсіндірмесін алғанын хабарлады.

Қаржы министрлігінің ақпараты бойынша,  кіші және орта бизнеске арналған салық рақымшылығы үкіметтік емес ұйымдарға да таратылады.

«Салық және  бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексін қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының 57-1-бабына сәйкес 2018 жылғы 1 қазан және 2019 жылғы 31 желтоқсан кезеңінде 2019 жылғы 1 қазан жағдайына есептелген берешек сомасын өтеген жағдайда,  2018 жылғы 1 қазан жағдайына есептелген өсімпұлдар мен айыппұлдар сомасы есептен шығаруға жатады», - дейді сала мамандары.

Заң 2019 жылғы 1 қаңтардан қолданысқа енгізіліп, 2018 жылғы 1 қазанға жиналған қарыз 2019 жылғы 31 желтоқсанға дейін өтелген жағдайда өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығаруды көздейді.

Бұл ретте, заңның жоғарыда көрсетілген бабының ережелері:

1) Мониторингке жататын ірі салық төлеушілерге;

2) 2018 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша келесі қызмет түрлерінің біреуін немесе бірнешеуін іске асырған салық төлеушілерге: жерасты суларын, емдік балшықтарды өндіру құқығына ие болғандықтан ғана жер қойнауын пайдаланушылар болып табылатын жер қойнауын пайдаланушыларды қоспағанда, жер қойнауын пайдалану; акцизделетін өнім өндіру;

3) Жеке нотариустың, жеке сот орындаушысының, адвокаттың, кәсіпқой медиатордың қызметін, кәсіпкерлік қызметті іске асыруына байланысты туындаған салықтық берешекті қоспағанда, жеке тұлғаларға қолданылмайды.

Атап өтсек, заңның 57-1-бабымен салық рақымшылығы қолданылмайтын салық төлеушілердің толық шеңбері анықталғанын ескерсек, үкіметтік емес ұйымдар аталған норманы қолдануға құқылы және оны қолдану үшін 2018 жылғы 1 қазанға есептелген берешек сомасын төлеу қажет.
Өзгелердің жаңалығы