Бас жаңалықтар
Кенен Әзірбаевқа ескерткіш орнатылды
25 Желтоқсан 2019, 11:39 2016

Кенен Әзірбаевқа ескерткіш орнатылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысының 80 жылдығына арналған мерекелік шаралар легі Кенен Әзірбаев ескерткішінің ашылу салтанатына ұласты. 

Қазақтың әйгілі халық ақыны, әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткерінің ескерткіші "Баласағұн" орталық концерт залы ғимаратының алдына орнатылған.

Кенен Әзірбаев - қазақ өнеріндегі сал-серілік және айтыскерлік дәстүрлерді үзбей, ХХ ғасырдың 70 жылдарына дейін жеткізген өнерпаз. Дастан жанрын жастайынан жырлаған. Қазақ халқының айтыс өнерінің насихатшысы. 150-дей ән толғап, әндері халық сүйіп айтатын мәңгілік рухани қазынаға айналды. Кенен Әзірбаевқа биыл 135 жыл.

Кенен Әзірбаев ескерткішін ашу құрметі Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, күйші-композитор Әбдімомын Желдібаев және Кенен атамыздың ұрпағы Мұрат Кененовке бұйырды.

WhatsApp Image 2019-12-25 at 11.06.56.jpeg

Салтанатты шараға арнайы қатысқан ҚР мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен аймақ басшысы Асқар Мырзахметов барша жамбылдықтар атынан ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Бұдан соң қонақтар Қордай аудандық К.Әзірбаев әдеби-мемориалдық музейі әзірлеген көрмені тамашалады.

Айта кетейік, жыр алыбы – Жамбылдың жанында жарты ғасыр уақыт жүріп қазақ ауыз әдебиетінің мол мұрасымен қаныққан Кенен аты ұлт мәдениеті тарихында алтын әріппен жазылған есім саналады.

Өткен жылы жыр дүлдүлінің есімі облыстық филармонияға берілген болатын. Сондықтан да оның ескерткіші дәл осы облыстық филармония қоныстанған "Баласағұн" орталық концерт залының алдына қойылуы өте ұтымды ұсыныс болып отыр. Демеушілер қаражаты есебінен салынған тас мүсінді мүсінші Көлжігіт Темірхан әзірлеген.


Фото: дереккөз
Загрузка...