Кемінде 6 ай керек. Дәрігер вакцина салдыруға қатысты маңызды мәселені айтты

1 Ақпан 2021, 13:21
1788
Бөлісу:
Кемінде 6 ай керек. Дәрігер вакцина салдыруға қатысты маңызды мәселені айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елімізде халықты коронавирустық инфекцияға қарсы кезең-кезеңімен вакцинациялау басталды. Елордада вакцина алуға қабілетті 735 мың адам бар екен. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов айтты.

Вакцинация 18-ден 64 жасқа дейінгі адамдарға жасалады. Нұр-Сұлтанда осы санатқа кіретін 735 мың адам бар. Вакцинация ерікті негізде және әр азаматқа тегін жасалады. Тұрақты профилактикалық егулерге және уақытша медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарға КВИ-ға қарсы екпе салынбайды. Сондай-ақ, коронавирустың ауыр жағдайы және симптомсыз белгілері бар адамдар екпе алуға жатпайды. Жұқпалы ауруы бар, оның ішінде КВИ-мен ауырған науқаспен байланыста болған адамдар карантин мерзімі аяқталғаннан кейін ғана вакцинацияланады, - дейді Тимур Мұратов.

Оның айтуынша, екпе салу алдында COVID-19 қарсы антиденелердің бар жоғын анықтау үшін скрининг жасалмайды.

Коронавирустық инфекцияның кез келген формасымен ауырған пациент емделіп шыққаннан кейін денсаулық жағдайына байланысты кемінде 6 айдан кейін екпе алғаны дұрыс. Вакцинаны қабылдауға қарсы көрсетілімдер – вакцинаның кез-келген компонентіне жоғары сезімталдық, ауыр аллергиялық реакциялар. Жүкті әйелдер және бала емізетін аналарға вакцинация алуға болмайды. Екпе балаларға және 65 жастан асқан адамдарға салынбайды, - дейді қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Айта кетейік, еліміз бойынша КВИ-ге қарсы вакцинация 2021 жылдың соңына дейін 6 миллионға жуық адамды қамти отырып жалғасады деп жоспарлануда.


Өзгелердің жаңалығы