Әке-шешемнен жасырдым: Коронавирустан жазылып шыққан дәрігердің шындығы

25 Мамыр 2020, 09:34
2171
Бөлісу:
Әке-шешемнен жасырдым: Коронавирустан жазылып шыққан дәрігердің шындығы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Батыс Қазақстан облысындағы емханалардың бірінде инфекционист болып жұмыс жасайтын Әділбек Нұрымбет өзінің коронавируспен қалай ауырғанын Facebookтегі парақшасында жазды.

Сәуір айының аяғына таман емханада жұмыста жүргенімде маған Оралда коронавирус көбейіп кеткенін айтып, науқастарды емдеуге шақырды. Дәрігер, оның ішінде инфекционист болған соң, тікелей борышым ғой деп дайындалып бардым. Барар алдында емханада COVID-19 бойынша тест тапсырдым. Таза болған соң жұмысқа кірісіп кеттім. Қорғаныш киімдерін киіп, сақтық шараларын сақтап жүрдік. Пациенттерді емдеп, барынша түсіндірдік. Сол сәуір айының аяғында бірнеше медициналық қызметкерлердің (дәрігерлер, медбике, санитаркалар) коронавирус жұқтырғаны анықталды,- дейді Әділбек Нұрымбет.

Дәрігерден де сынама алған. Бірақ таза болғанына қарамастан науқастармен тікелей қатынаста болдыңдар деп провизорлы стационарға жатқызып тастаған.  

Содан үш күн өткенде дене қызуым 37.3°С қа жоғарылап, басым, белім, буындарым қатты ауырғаны соншалық, жаным көзіме көрінді. Түнімен құсып шықтым. Ертеңіне менен тағы коронавирусқа талдау тапсыртты. Талдау қорытындысы бойынша менде коронавирус бар екені анықталып, жұқпалы ауруханаға әкеліп жатқызды. Қызуым 37,2-37,3 градус айналасында болды. Басым, буындарым, белім ауырғаны күшеймесе басылмады. Басымды көтере алмадым. Шынымды айтсам 5 күн нәр татпадым. Тамаққа тәбетім мүлдем болмады, - дейді ол.

Әділбек Нұрымбет инфекционист болып жұмыс жасағанда қанша вирусты ауруларды емдей жүріп, арасында тұмаумен өзі де ауырғанын айтады. Бірақ дәл осындай ауруды көрген емеспін деп отыр.

Температура 38,0-38,5 градус болғанда да парацетамол ішіп, жұмысымызды жалғастырып жүре беруші едік. Ал мына ауруда 5 күн басымды көтере алмадым. Оған жөтел мен кеудедегі қатты ауырсыну қосылды. Өкпені КТ түсіргенде екі жақты пневмония анықталды. Қосымша тағы ем қосылды. 15 күн дегенде толық өзіме келдім. 24 күн жатып, екі рет анализ тапсырып, талдау қорытындысы таза болған соң бүгін ауруханадан шығып отырмын. Карантин басталғанда келіншегімді балалармен ауылға жіберген болатынмын. Келіншегімнің аяғы ауыр. Коронавирус жұқтырып алғанымды әке шешеме де, келіншегіме де айтпадым. Тек байланыста болғаным үшін карантинде жатырмын деп айтып келдім. Себебі олар не істей алады, - дейді инфекционист.

Ол коронавирус басқа жұқпалы ауруларға ұқсамайды деп отыр. 

Өте ауыр өтеді, және ұзақ емделуді қажет етеді. Қандай ауру болса да 7-9 күннен аспайтын. Менің қасымда жатқандар да, бірге түскен медқызметкерлерде де менікіндей жағдай болды. Интоксикация, пневмония. Сондықтан бұл ауруға немқұрайлы қарауға болмайды. Мен жатқанда бір жігіт түсті. Коронавируспен байланыста болған. Талдау алғанда анализі таза болып шыққан. Байланыста болғаны үшін 14 күн  стационарға жат дегенді тыңдамай, айқайласып үйіне кетіп қалған. 5 күннен соң бүкіл отбасымен келіп түсті. Барлығында температура, жөтел, интоксикация. Қазір барлығы жақсы. Бірақ қатты ауырған кезімді ойласам, жүрегім ауырып кетеді. Абайлайық, бауырлар, - дейді Әділбек Нұрымбет.

Өзгелердің жаңалығы