Қазақстанның Жоғарғы Сотының судьясы сайланды
11 Қараша 2021, 10:16 86

Қазақстанның Жоғарғы Сотының судьясы сайланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы қызметіне Берік Төлеутайұлы Нәжімиденов сайланды.

Конституцияға сәйкес Президенттің ұсынуымен Жоғарғы Соттың судьяларын сайлау және қызметінен босату Сенаттың ерекше құзырына жатады.

Осы ретте Мемлекет басшысы қарауларыңызға Жоғарғы Соттың судьясы қызметіне Берік Төлеутайұлы Нәжімиденовті ұсыным енгізді. Берік Төлеутайұлы Қаржылық бақылау, мемлекеттік аудит саласында тәжірибесі мол маман. Соңғы 5 жыл Қаржы министрлігінде жемісті қызмет етті, – деп атап өтті Президенттің Қазақстан Республикасы Парламентіндегі өкілдігінің басшысы Бейбіт Исабаев.

Айтуынша, Берік Төлеутайұлының жоғары экономикалық және заңгерлік білімі бар.

Берік Нәжімиденов қаржы дауларын қарау жөніндегі сот іс тәжірибесінің мәселелері бойынша Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларын талқылап, әзірлеу барысында Жоғарғы Сотпен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Жоғарғы Соттың судьясы жауапты қызметін атқаруға дайындығы жоғары, - деп айтты Бейбіт Исабаев.

Сөзінше, Жоғарғы Сот кеңесі де Берік Төлеутайұлы Нәжімиденовтің кандидатурасын Жоғарғы Соттың судьясы қызметіне лайық көріп отыр.

Осы ретте депутаттар Жоғарғы Соттың судьясы қызметіне Берік Төлеутайұлы Нәжімиденовтің кандидатурасына оң бағасын беріп, қаулыны қабылдады.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...