Бас жаңалықтар
Қазақстанның қарызы жыл сайын көбейіп, 2025 жылы 26 триллионға жақындайды
21 Қазан 2020, 15:53 337

Қазақстанның қарызы жыл сайын көбейіп, 2025 жылы 26 триллионға жақындайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Дания Еспаева үш жылдық бюджет жобасын талқылау барысында Қазақстанның мемлекеттік қарызы туралы мәселе көтерді. Оның айтуынша, ұлттық қарыздың ЖІӨ-ге шаққанда қазірдің өзінде белгіленген ішкі межеден асып кеткен. 

Әлеуметтік-экономикалық болжамда мемлекеттік қарыздың жыл сайын өсетіні көрсетілген. Атап айтқанда, 2021 жылы оның көлемі ішкі жалпы өнімге шаққанда 30,3 пайызға өссе, 2022 жылға дейін 30,5 пайызға дейін көтеріледі. Ал 2025 жылға қарай үкіметтің қарызы 2019 жылмен салыстырғанда екі есеге артып, 25 триллион 692 миллиард теңгеге жетеді, - дейді Дания Еспаева.

Ол ұлттық қарыздың ұлғаюымен бюджетке ауыртпалық көбейеді, өйткені оған қызмет көрсету құны артады деп отыр. Биыл осы санаттағы шығындардың көлемі 12 пайыз болса, 2023 жылда 23 пайызға дейін өседі. Осылайша, Ұлттық қор қаражатын пайдалануды қалыптастыру тұжырымдамасында белгіленген 15%-дық бюджетке қарыз жүктемесінің шегі асып кетеді. 

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мемлекеттік қарызға қызмет көрсету құнын бақылау бойынша жұмыс үш бағыт бойынша жүзеге асырылатынын айтты.

Бюджет тапшылығын төмендету

2021 жылдан бастап тапшылықты ЖІӨ-нің 3,4%-ына дейін, 2023 жылы - ЖІӨ-нің 2,1%-ына дейін төмендету жоспарланып отыр. Тапшылықты теңгеге қаржыландыруға басымдық беру жоспарланып отыр. Бұл мемлекеттік қарызға қызмет көрсетудің ұлғаюына байланысты валюталық тәуекелді төмендетеді.

Бюджеттің негізгі көрсеткіштері

Мемлекет басшысының жолдауында индикаторды әзірлеу тапсырылды. Бұл мемлекеттік қаржының тұрақтылығын, оның ішінде қарыздың тұрақтылығын бағалауға мүмкіндік береді.

Бюджет шығындарын шектеу

Жоспарлау кезеңінде мәлімделген шығындардың сапасын бағалауды енгізу жоспарлануда.

Ал қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мемлекеттік қарыздың көлемі қауіпсіз деңгейде екенін жеткізді.

Біз күн сайын бақылау жасап отырамыз. Иә, қазіргі жағдай нашарлап, тапшылық сәл көбейді. Сосын біз өз қарызымызды басқа елдермен салыстырып тұрамыз. Қазір жағдай ушығып, тапшылық шамалы көбейгені анық. Бірақ содан кейін, 2022-2023 жылдарға дейін, республикалық бюджеттің жобасында көріп отырғанымыздай, 2023 жылға қарай 2,1%-ға дейін төмендейді, - дейді Ерұлан Жамаубаев.

Министр осы ретте шет мемлекеттерден мысал келтірді. Түркияда мемлекеттік қарыздың мөлшері ішкі жалпы өнімге шаққанда 40 пайызды құраса, Мексикада – 55 пайыз, Индонезияда – 37 пайыз екен.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...