Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Жасыл экономикаға» көшудің негізгі бағыттарының бірі энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру. Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында және «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдамасында еліміздің ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығын 2025 жылға қарай 25%-ға, ал 2050 жылға қарай 50%-ға төмендету міндеті қойылды.
2018 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығы 2008 жылғы деңгейден 21,6%-ға төмендеді. Халықаралық энергетикалық агенттіктің деректеріне сәйкес, еліміздің ЖІӨ энергия сыйымдылығы Қытайдың көрсеткішінен 1,5 есе, ЭЫДҰ елдерінен 4 есе жоғары, ал ТМД елдерінің арасында біз 3-орындамыз.
Қазіргі заманауи энергия үнемдеу жүйесінің негізі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының бірінші бесжылдығында құрылды.
Қазіргі уақытта энергия үнемдеу жүйесінде 2 негізгі бағыт жұмыс істейді, бұл Мемлекеттік энергетикалық тізілім және Энергия тиімділігі картасы.
Бүгінде мемлекеттік энергетикалық тізілімге 20 мыңнан астам ұйым кіреді. Тізілім аясында шамамен 1 500 субъект энергоаудит жүргізіп, іс-шаралар енгізді.
Энергия тиімділігі картасы аясында 149 жоба іске асырылуда, оның ішінде 45 жоба ЭСКО/МЖӘ тетігі арқылы.
Энергия үнемдеу саласына инвестициялар тарту үшін көшені жарықтандыру жағдайы бойынша деректер базасы дайындалды, энергия тиімді жабдықтарды отандық өндірушілерінің тізілімі, сондай-ақ энергия сервистік компаниялардың тізілімі қалыптастырылды.
Сонымен қатар, халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық белсенді жүргізілуде. Дүниежүзілік банкпен бірлесіп 21,7 млн долларға «Қазақстанда энергия тиімділігін арттыру» жобасы іске асырылуда.
Жоба аясында 96 әлеуметтік нысаннан (мектептер, ауруханалар, балабақшалар) 83 нысан жаңғыртылды. Жобаның аяқталу мерзімі-2021 жылдың тамыз айы. Жаңғырту қорытындысы бойынша әрбір нысан бойынша орташа есеппен 20% үнем алынды.
Сонымен қатар, БҰҰ Даму бағдарламасымен жалпы сомасы 10 млн доллар құрайтын 2 жоба жүзеге асырылуда.
БҰҰДБ жобасы шеңберінде "Даму" Қорымен бірлесіп, 3 млн доллары сомасына энергия тиімді жобаларды қаржылық қолдау тетігі іске қосылды – несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесінің 10%-ын субсидиялау.
Сондай-ақ, бүгінде энергия үнемдеу жүйесін жетілдіруге бағытталған Заң жобасы әзірленді.Заң жобасы шеңберіндегі негізгі реформа бюджет секторын реттеуді күшейту, энергия аудиті саласында жаңа тәсілдерді енгізу, профилактикалық бақылауды енгізу, энергия үнемдеу саясатын іске асыруда жергілікті атқарушы органдардың рөлін арттыру болып табылады. Бүгінде заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында.
Айта кету керек, бұл бағыттағы жұмыстар 2022-2026 жылдарға арналған энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі Жол картасын әзірлеу шеңберінде жалғасатын болады.
Жаңа өндірістердің іске қосылуына байланысты энергия ресурстарына деген қажеттілік арта түсетіні заңдылық. Осы ретте Жол картасын іске асыру Қазақстанда энергия тиімділігін қамтамасыз ету үшін маңызды шаралардың бірі болады.