Бас жаңалықтар
Қазақ даласы 70 жыл бойы Шәмшінің әндерін шырқап келеді – Асхат Маемиров
PHOTO
02 Наурыз 2021, 14:43 1766

Қазақ даласы 70 жыл бойы Шәмшінің әндерін шырқап келеді – Асхат Маемиров

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Шәмші» мюзиклінің премьерасын көрермендер назарына ұсынды. Премьера алдында мюзиклдің қоюшы режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров журналистерге сұхбат берді.

Режиссер қойылымның ерекшелігі, маңыздылығы туралы айтып берді.

Мюзиклдің ең басты ерекшелегі - үш Шәмші. Қалдаяқовтың композиторлық қырынан бөлек, адами азаматтық, күрескерлік қырларын көрсеткіміз келді. Онымен қоса жас Шәмші, ғашық Шәмші әлемге өзінің өміршең әндерін сыйлаған қырларын көрсету үшін сахнада үш актер кезек-кезек бір бейнені үшке бөліп ойнайтын болады. Спектакльдің өн бойында тек қана Шәмшінің өзінің әндері шырқалып тұрады. Бір ерекшелегі – өзіміздің камералық оркестрмен табиғи дауыста фонограммасыз ойналады, - деді ол.

Маемиров атап өткендей, Шәмші – қазақтың ән өнеріндегі темірқазығы. Сонау Алтайдан бастап Каспийге дейінгі аралықтағы ұлан ғайыр Қазақстанның әрбір төбесіне, әрбір тасына, әрбір елдімекеніне ән арнаған. Шәмші бізге сонысымен ыстық. 

Міне осымен 70 жылға қадам басып бара жатыр. Қазақ даласы Шәмшінің әндерін әлі шырқап жатыр. Біздің Мемлекеттік Әнұранымыздың авторы ретінде «Менің Қазақстаным» талай-талай біздің жат-жеткіншектеріміздің бойында ұлттық рух, елжандылық сезімді қалыптастыруға өзінің үлесін қосып жатыр, - деп айтты режиссер.
маемир1.jpg

Ол премьера пандемия уақытында қиындыққа тап болған халыққа қол ұшын берген волонтерлерге арналып қойылып отырғанын айтты.

Былтыр Еріктілер жылы деп жарияланды. Сол себепті бүгінгі қойылым 1 наурыз Алғыс айту күніне орай елордалық волонтерлерге арналып отыр. Олар пандемия уақытында үлкендерімізге дәрі-дәрмек тасып, жағдайы қиын отбасыларға тамақ тасып, шыр-пыры шығып жұмыс істеп, өз денсаулығын ойламай, жанын шүберекке тиіп жүрген волонтерлерге театрдың атынан алғыс айтқымыз келді. Оларды тегін спектакльге шақырып, сахнада бүкіл әртістер қауымымен волонтер жандарға, елдің қамын ойлайтын жүрегі ел деп соққан азаматтарға басымызды игіміз келді, - дейді ол.

Оның сөзінше, спектакльде театрдың бүкіл құрамы өнер көрсетеді. Себебі кейіпкерлер өте көп. Шәмші және оның замандастары - Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Жұмекен Нәжімеденов, Роза Бағланова, Әбілахат Еспаев. Бұл кейіпкерлер сахнада болады. 

Бұл қойылымның бірден-бір мақсаты – жас буынға Шәмші Қалдаяқовтың кім екендігін, оның өскен ортасын, туған жерінен бастап бүкіл замандастарын арқау ету. Бір жағынан танымдық, тәрбиелік мақсаты бар.

Дайындық жұмыстарына шамамен 1,5-2 ай уақыт кетті. 

Оразбек Бодықовтың Шәмші туралы жазған хикаятын қарадық, деректі фильмдерді көрдік. Өз кезегімде Шәмші туған топыраққа, Отырар ауданына барып келдім. Сол жерде музыкалық мектеп бар. Шәмшіге байланысты көптеген деректі жинақтап, драматург Мадина Омароваға осы дүниелерді ұсындық. Драматург осы мюзиклді жазып шықты, - деді Маемиров сұхбат кезінде.
маемир2.jpg

Оның айтуынша, ананың әлдиінен басталған сәтін, ортасында сығандармен кездескені сәттері, символикалық бейнелері, консерваторияға оқуға түсіп, Ахмет Жұбановтан бата алған кезі жас көрермендерге тұлғаны танытудағы жасап жатқан қадамдары. Себебі Шәмші Қалдаяқовтың әндерін білгенімен, көбі тұлға ретінде өмір жолына, ғұмырнамасына мән бере бермейді. 

Бұл кісіні композиторлар одағына алмаған. «Халық әртісі» атағын өмірден өтер алдында ғана алды. Заманында бұл кісіге арналған шығармашылық кештер аз өткізілді. Бірақ бүкіл қазақ даласы Шәмшінің әндерімен бірге өсті, бірге арқаланды. Шәмшінің әндерінің бәрі халықпен ұштасып кетті. Оның әндерінде қазақтың болмыс-бітімі, қазақтың мінезі, қазақтың даладай кеңдігі, барлығы жатыр, - деді ол.

Режиссер атап өткендей, 1 сағат бойы әнді жанды дауыста шырқау актерге ауырлау болады. Сондықтан қойылымда актерлер кезектесіп ойнап отырады. 

Ақан Серінің бейнесі де Шәмшінің түсінде елес болып келеді. Мұның барлығын фонограмма қолданбай табиғи дауыста шырқаймыз. Себебі әнді шырқау бар. Шәмшінің әндері қандай мөлдір, қандай табиғи таза болса, сол дүниесін халыққа қайтадан мөлдіреген күйінде ұсынғымыз келіп отыр. Фонограмма қолдануға түбегейлі қарсымыз. Жалпы театр әлемі фонограмма қолдануды тоқтатуы керек. Ал біз Музыкалық жас көрермен театры болғандықтан бір ерекшелігіміз де осы. Өнердегі басты бағытымыз да осы, - деп түсіндірді Асхат Маемиров.

Айта кетейік, «Шәмші» мюзиклінің премьерасын елордалықтар 1-3 наурыз аралығында Музыкалық жас көрермен театрынан тамашалай алады.




Фото: Артём Чурсинов
Загрузка...