Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігер-сарапшысы, балалар инфекциясы кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Ғалия Құттықожанова онлайн брифинг барысында Кавасаки синдромының белгілерін мәлімдеді.
Дәрігердің айтуынша, Кавасаки - синдром. Оның ауруы да бар, алайда, қазір жүріп жатқан түрі соған ұқсас болған соң синдром деп аталады.
Коронавирус шыққан соң сәуір айынан бастап Кавасаки синдромы пайда болды. Бұл балалардың иммундық жүйесінің қабынуынан болған. Оның белгілері: дене қызуының көтерілуі, жөтел, аяқ-қолы ісінуі мүмкін, демалу қиындайды, безгек, жүрек соғуы жиілейді, қан қысымының төмендеуі, ішек ауруы, бұлшық еттерінің сыздауы. Бұл жағдайда респираторлық аурулар болмауы мүмкін, - дейді дәрігер.
Сонымен қатар, ол алғаш бұл синдром Ұлыбританияда сәуір айының соңында тіркелгенін, кейін АҚШ, Италияда пайда болғанын жеткізді.
Ұлыбританияда 14 жастағы бала осы аурудан қайтыс болды. Бұл ауру, әсіресе, коронавирус көп тараған елдерде белең алуда. Ол біздің елде де тіркелді, сондықтан ондай аурумен келіп түсетіндерді қабылдауға қазірден дайын болуымыз керек. Бұл ауру коронавирустың жоғары шегінен 5-6 апта өткен соң тіркелген. Яғни оны коронавирустан кейінгі синдром деп қабылдауға болады, - дейді Ғ.Құттықожанова.
Дәрігер балаларды адам көп жүретін жерге апармай тұра тұруға кеңес береді.
Қазір адамдармен неқұрлым қарым-қатынасты азайтса, со ғұрлым жақсы болады. Егер адам көп жүретін жерге барып жатса міндетті түрде маска тағып, әлеуметтік қашықтықты ұстанған дұрыс. Одан бөлек баланы көпшілік орындарда тамақтандырмай тұра тұрған жөн. Бастысы, баланың иммунитетін көтеруге күш салу керек. Ол үшін дұрыс тамақтану керек, - дейді ол.