Бас жаңалықтар
Каспий теңізі заң бойынша қалай қорғалады?
14 Қазан 2021, 10:19 372

Каспий теңізі заң бойынша қалай қорғалады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатта «Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға биологиялық әртүрлілікті сақтау туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы таныстырылды.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев құжаттың негізгі мақсаттарын түсіндірді.

Ақтау қаласында 2018 жылғы 12 тамызда өткен 5-ші Каспий саммитінің қорытындысы бойынша Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға биологиялық әртүрлілікті сақтау туралы хаттаманың күшіне енуі үшін Каспий маңы мемлекеттерінің басшылары мемлекетішілік келісу рәсімдерін өткізу туралы шешім қабылдады. Осыған байланысты «Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға биологиялық әртүрлілікті сақтау туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы әзірленді, - деді министр Сенатта.

Құжаттың мақсаты - Каспий теңізінің биологиялық әртүрлілігін, экожүйесін сақтау және биологиялық ресурстарды тұрақты пайдалануды қамтамасыз ету.

Осыған байланысты Каспий маңы мемлекеттерімен мынадай шараларды қабылдау қарастырылған:

  1. қорғалатын түрлер мен олардың мекендеу орындарына теріс әсерін тигізетін қызметті реттеу;
  2. флора мен фаунаның қорғалатын түрлерін, олардың бөлшектерін, сондай-ақ дериваттарды коммерциялық мақсатта әдейі, кездейсоқ аулауды және қажет болуына қарай оларға тыйым салуды бақылау;
  3. фаунаның, әсіресе көбею, инкубация, ұйықтау немесе қоныс аудару кезеңінде, сондай-ақ басқа да биологиялық күйзеліс кезеңінде бұзылуына әкеп соғатын қызметті бақылау және қажет болған кезде оған тыйым салу;
Тараптар қарсы болмаған жағдайда осы хаттаманың мақсаттары үшін қорғау мақсатында теңіз ортасында және жағалау аумағында қорғалатын аудандарды бөле алады: құрып кету қаупі төнген түрлердің мекендейтін жерлері, флора мен фаунаның қауіп төнген немесе эндемикалық түрлерінің тіршілік етуі, көбеюі және қалпына келуі үшін өмірлік маңызы бар мекендеу орындары, ғылыми, эстетикалық, мәдени немесе білім беру маңыздылығына байланысты ерекше маңызды объектілерді қорғау, - деп түсіндірді Брекешев.

Аудандарды қорғау және оларды басқару мақсатында тараптар қажетті табиғат қорғау шараларын жүзеге асырады. Оның ішінде экожүйенің тұтастығына тікелей немесе жанама зиян келтіруі мүмкін қалдықтар мен өзге де заттарды көмуге немесе орналастыруға тыйым салуды енгізу, осы ауданға интродукцияны және реинтродукцияны реттеу, құрылыс немесе іздестіру жұмыстарына байланысты кез келген қызметті реттеу және балық аулауды, аңшылықты, жануарларды аулауды, өсімдіктер жинауды немесе оларды жоюды реттеу.

Хаттамаға қосылу Қазақстанның биологиялық әртүрлілігін сақтауға, теңіз кемелерінен және антропогендік көздерден қоршаған ортаның ластануын жол бермеуге, биологиялық ресурстарды орнықты пайдалануды қамтамасыз етуге, сондай-ақ Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі жедел және тиімді шараларды іске асыру жөніндегі мемлекеттердің көпжақты ынтымақтастығына жәрдемдесуге қатысу қажеттілігімен айқындалады, - деді Экология министрі Сенатта.

Хаттама мүдделі мемлекеттік органдармен ескертулерсіз келісілді және теріс әлеуметтік-экономикалық салдарға әкеп соқтырмайды.


Фото: дереккөз
Загрузка...