Алматы, BAQ.KZ. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев карантин кезінде тұрғындардың жұмыс мәселесін шешу үшін "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасын іске қосатындарын мәлімдеді.
Әкім Instagram-ғы парақшасына коронавируске байланысты карантин кезінде қала тұрғындарының арасында жұмыспен қамту мәселесі шиеленісе түскенін жазды.
Көптеген адам ақысыз демалысқа шығуға мәжбүр болса, енді біреулер жұмысынан айырылды. Демек, өмір сүретін қаражатынсыз қалды. Мемлекет тарапынан оларға көмек ретінде жәрдемақы төленеді. Бұған қоса, біз "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасын іске қоспақпыз. Қала тұрғындары жұмыспен қамтылады. Олар мектеп пен балабақшалардың құрылысына, аурухананы кеңейту жұмыстарына тартылады. Бұдан өзге сумен жабдықтау желілерін жүргізіп, жолдар мен аулаларды ретке келтіру, скверлер мен саябақтарды абаттандыруға қосымша күш қажет, - деп жазды ол.
Сондай-ақ, ол қаладағы 214 инфрақұрылымдық жоба жұмысына шамамен 26 мың қала тұрғынын орналастыруды жоспарлап отырғанын жеткізді. Жалақының орташа мөлшері 120 мың теңгені құрайды.