Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Ақордада БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев президент сайлауы барысында өзіне дауыс берген қазақстандықтарға алғыс білдірді.
«Ең алдымен маған дауыс берген Қазақстан азаматтарына алғысымды айтқым келеді. Бұл – үлкен жауапкершілік. Бұл жауапкершілікті орындау – мен үшін үлкен міндет. Бұл – халықтың сенімі. Сайлау жоғары деңгейде, әділ және ашық өтті. Сайлау барысын 1000-нан астам халықаралық бақылаушы қадағалады. Әлемнің 40 елінен келген 350-ге жуық шетелдік журналист дүниежүзіне хабар таратты», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, мемлекет басшысы сайлау барысында барлық кандидатқа тең мүмкіндік берілгенін атап өтті.
«Өздеріңіз көрдіңіздер, сайлауға түскен кандидаттарға анық мүмкіндіктер жасалды. Олар еркін түрде өз бағдарламасын жариялады. Бұл – жай ғана дауыс беру емес, азаматтарымыздың ел болашағына бей-жай қарамайтынын көрсетті. Қазақстан халқы Елбасының стратегиясының сабақтастығын берік қолдап отыр», - деді ҚР президенті.
Айта кетсек, бүгін Орталық сайлау комиссиясы кеше өткен президент сайлауының алдын ала қорытындысын жариялаған болатын. Нәтижесінде Қасым-Жомарт Тоқаевты дауыс берушілердің 70,76% қолдады.