Көпбалалы отбасыларға 2% несиемен үйлер беріле бастады

8 Мамыр 2019, 12:07
2380
Бөлісу:
Көпбалалы отбасыларға 2% несиемен үйлер беріле бастады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимова қазіргі таңда «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 344 отбасы банкке өтінім бергенін, оның ішінде 330 отбасының өтінімі мақұлданғанын, сондай-ақ бүгін екі отбасы несие шартына қол қоятынын айтты. 

Басқарма төрайымы көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамтуға барынша көмек көрсетіліп жатқанын және несие берудің жеңілдетілген шарттары жасалғанын жеткізді.

«Елбасының Nur Otan партиясының ХVІІІ съезінде берген тапсырмалар бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасы «Бақытты отбасы» атты жаңа бағытта мауысым айынан бастап іске қосылады. Бұл бағдарламаға 4 және одан да көп баласы бар отбасылар және мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылар қатыса алады. Сондай-ақ, кәмелеттік жасқа толмаған толық емес отбасылар да қатысады. Несие бойынша жаңадан салынған немесе екінші деңгейлі нарықтағы дайын үйлерді сатып алуға болады», - деді ол. 

Сонымен қатар, ол «Бақытты отбасы» бағдарламасына бір адамға шаққандағы табысы 42 500 теңгеден аспайтын отбасылар қатыса алатындығын айтты. 

«Мәселен, отбасы 6 адамнан тұрса, онда оның жалпы табысы 255 мың теңгеден аспауы қажет. Сондай-ақ, жеңілдетілген несие алу үшін жеке басына және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне өтінім берген күнде баспанасы болмау керек. Біз наурыз айынан бастап пилотты «Бақытты отбасы» бағдарламасын Алматы қаласынан бастадық. Пилоттық жоба бойынша әкімдікте кезекте тұрған көпбалалы отбасылар жаңадан салынған үйлерден пәтер сатып алуға мүмкіндігі бар. Яғни несиенің жылдық мөлшерлемесі 2%-ды, ал бастапқы жарнасы 10%-ды құрайды», - дейді ол. 

Оның айтуынша, қазіргі таңда 344 отбасы банкке өтінім берген және оның ішінде 330 отбасының өтінімі мақұлданған. 

«Қазір әкімдік тұрғын үй үшін 44 отбасының есеп шотына 1 млн теңгенің сертификатын, яғни ақшасын енгізді. Сондай-ақ, бүгін екі отбасы несие шартына қол қояды», - деді Ляззат Ибрагимова.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды үймен қамту жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл 6 мың отбасы пәтермен қамтылады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев аталған жиын барысында айтты.

Өзгелердің жаңалығы