Ішкі істер вице-министрі: Погон тақпаймын

5 Тамыз 2020, 12:16
2317
Бөлісу:
Ішкі істер вице-министрі: Погон тақпаймын

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жаңадан тағайындалған ішкі істер вице-министрі Сәкен Сәрсенов өзінің Facebook парақшасында азаматтық лауазымда жұмыс атқарамын, погон тақпаймын деп мәлімдеді.

Ең алдымен, сенім білдірген мемлекет басшысы мен министр Ерлан Заманбекұлына және құттықтап, жылы лебіз білдіріп жатқан баршаңызға алғыс айтамын. Ішкі істер министрлігінде жұмысқа кірісіп, өзімнің міндеттерім бойынша жұмыс бағытын анықтадым. Ішкі істер органдарының жұмысын цифрландырудан басқа, мен ведомствоның ішкі және сыртқы байланыстарын қадағалайтын боламын, - дейді Сәкен Сәрсенов.
Оған министр еліміздің азаматтарымен ішкі істер министрлігінің қызметі бойынша ашық диалог орнатуды тапсырған.
Министрлікті цифрландыру бойынша да ауқымды жұмыс күтіп тұр. Оның орындалу барысы туралы осында жазып отырамын. Әдеттегідей, сіздердің идеяларыңыз бен ұсыныстарыңызға ашықпын және әрқашан байланыста боламын. Маған әскери шен берілеме деген көптеген сұрақтар жазылып жатыр, айтарым - мен азаматтық лауазымда жұмыс атқарамын, погон тақпаймын, - дейді вице-министр.

Айта кетейік, 2020 жылғы 3 тамызда Сәкен Сәрсенов ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары болып тағайындалды.

Ол 2017 жылдың ақпанынан 2020 жылдың шілдесіне дейін "Қазпошта" АҚ басқарды. Енді оның орнына  ҚТЖ-ның бұрынғы басшысы Қанат Алпысбаев тағайындалды.

Бұған дейін Сәрсенов ақпарат және коммуникациялар вице-министрі (2016-2017), инвестициялар және даму вице-министрі (2015-2016), Инвестициялар және даму министрлігінің байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің төрағасы (2014-2015) болып қызмет атқарған.
Өзгелердің жаңалығы