Бас жаңалықтар
Инклюзивті білім беру туралы заңға қандай өзгерістер енгізілген?
30 Шілде 2021, 14:36 650

Инклюзивті білім беру туралы заңға қандай өзгерістер енгізілген?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. БҒМ баспасөз қызметі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»заңмен заңнамаға қабылданған түзетулерде қандай жаңашылдықтар болатынын түсіндіріп берді.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжіліс депутаттары бастамашылық жасаған.

Айта кетсек, аталған заң Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға сәйкес ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар, оның ішінде мүгедектігі бар адамдардың қолжетімді білім алуға құқықтарын кемсітусіз және мүмкіндіктер теңдігі негізінде іске асыруға, сондай-ақ Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын орындауға бағытталған.

Бүгінгі күні республикада ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар 161 826 бала анықталды, оның ішінде 58 мыңнан астамы мүгедек балалар. Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау ұйымдарында, қоғамдық және жеке ұйымдарда білім беру бағдарламалары бойынша оқытумен, тәрбиемен және түзету-педагогикалық қолдаумен 155 814 бала қамтылған, бұл 96,58%-ды құрайды. Олардың ішінде жалпы білім беру ұйымдарында ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балалардың 40%-ы ғана инклюзивті білім алуда және тәрбиеленіп жатыр, - деді ведомство.
Мәліметке сәйкес, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері мен оңалту орталықтарында түзету-педагогикалық қолдауды 42 836 бала (26,5%) алады.

Инклюзивті білім беруге көшу адам құқықтары туралы халықаралық хаттамалармен және барлық баланың тең қолжетімділік пен сапалы білім алуға құқығы бар екенін жалпыға бірдей мойындаумен негізделген.

Заңда Қазақстан Республикасының «Білім туралы», «Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы», «Қазақстан Республикасындағы Баланың құқықтары туралы»заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген.

Заң қандай жаңашылдықтарды көздейді?

- ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар адамдар санатын кеңейту. Егер бұрын бұл санатқа тек денсаулығына байланысты оқуда қиындықтарға тап болған адамдар кірсе, енді халықаралық нормаларға сәйкес әртүрлі экономикалық және әлеуметтік жағдайлар бойынша оқуы қиын адамдар да қосылды. Мысалы, мигранттардың балалары, әлеуметтік осал отбасылардың балалары және т.б.;

- оқу процесінде ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балаларды психологиялық-педагогикалық қолдау ұғымы енгізілді, олар білім беру саласындағы уәкілетті орган әзірлеген ұағидалармен айқындалады;

- жан басына шаққандағы қаржыландыруды ескере отырып, ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау енгізілді. Ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалауды жүргізу қағидаларын білім беру саласындағы уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді;

- оқу жоспарларының, бағдарламаларының өзгермелілігін, икемділігін қамтамасыз ететін нормалар енгізілді. Білім беру ұйымдарына ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балаларға арналған үлгілік оқу бағдарламаларын олардың даму деңгейін ескере отырып бейімдеу құқығы берілді;

- алғаш рет мүмкіндіктері шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауға мемлекеттік білім беру тапсырысы енгізіледі, оларды жергілікті атқарушы органдар жекеменшік ұйымдарда орналастырады;

- білім беру ұйымына қабылдау ережелерін бұзғаны және білім беру ұйымы жағдайында ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеу және оқыту үшін нормативтік-құқықтық актілерде көзделген арнайы шарттарды жасамағаны үшін білім беру ұйымы басшысының жауапкершілігі күшейтілді.

Сондай-ақ инклюзивті білім беру саласында бірыңғай тәсілдерді қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өткен жөн. Негізгі уәкілетті орган - Білім және ғылым министрлігі. Бұдан басқа ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балаларды қолдау мәселелерімен Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері айналысады.

Заң жобасы шеңберінде ведомствоаралық өзара іс-қимыл көзделген, өйткені инклюзивті білім беруді іске асыру уәкілетті білім беру, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау органдарының, жергілікті атқарушы органдардың және жұртшылықтың келісілген іс-қимылын талап етеді.

Инклюзивті білім беруді кешенді дамыту үшін министрлік арнайы білім беру ұйымдары желісінің нормативтерін жетілдіру бөлігінде нормативтік құқықтық базаны жетілдіру жөніндегі жұмысты жалғастырады.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...