Іле Алатауы ұлттық паркіндегі экотуризмді дамыту жөніндегі қоғамдық кеңес құрылды

16 Маусым 2020, 09:41
2822
Бөлісу:
Іле Алатауы ұлттық паркіндегі экотуризмді дамыту жөніндегі  қоғамдық кеңес құрылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматыда Іле Алатауы ұлттық паркіндегі экотуризмді дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің алғашқы отырысы өткізілді. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қоғамдық кеңес құрамына туристік ұйым, бизнес өкілдері, ғалымдар, спортшылар, экобелсенділер, қоғам қайраткерлері енгізілді.

Отырысты Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев ашты.

Екі апта ішінде экобелсенділермен, қоғамдық бірлестік өкілдерімен кездестім. Мен бәрін осы кеңес құрамына кіруге шақырған едім. Бүгінде 30 үміткердің ішінен түрлі саладан 19 адам іріктелді. Мемлекеттік орган өкілдері алынған жоқ, тек Алматы қаласы Экология департаменті директоры және мен ғана бармын, - деді Ерлан Нысанбаев.

Вице-министрдің айтуынша, бүгінде ұлттық парктерде экотуризмді дамыту үрдіске енген. Іле Алатауы ұлттық паркіне де бұл жат емес. Сондықтан оны дамытуда америкалық даму моделі таңдалды. Бұл дегеніміз туристік аяқжолдар мен маршруттар салу.

Біз бас жоспар әзірледік. Негізінен сапарлау орталықтарын құру көзделуде. 7 глэмпинг, кемпинг, этноауыл, автокеруен орны жоспарланып отыр. Біз негізінен күрделі іргетас салынбайтын нысандарға басымдық бермекпіз. Жұртшылық ұлттық парк экотуризмін дамытуға қатысуға құқылы. Біз бүгін осы жерде бас қосып, ұлттық паркте экотуризмді дамыту мәселесін талқыламақпыз. Мұндай кеңестер басқа да парктердің жанынан құрылады. Бірақ экотуризмді дамыту жөніндегі қоғамдық кеңес бөлек болуы керек, - деді Нысанбаев.

Қатысушылар типтік ереже жобасы мен қатысушылар тізімін талқылады. Конференцияға қатысушылар кеңес құрамынан мемлекеттік орган өкілдерін алып тастауды ұсынды. Ұсыныстардың барлығы қабылданды.

Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық паркінде экологиялық туризмді дамыту бойынша құрылған Қоғамдық кеңестің құрамы:

 1. Абильшаиков Нариман – Алматы қ. "Атамекен" ҰКП директоры;

2. Әлібеков Бейбіт – белсенді;

3. Әбікенұлы Серік – «Жетісу» телеарнасының директоры;

4. Бұқарбай Бақытжан – қоғам қайраткері; 

5. Байеділов Қонысбек – Алматы қ. Экология департаментінің басшысы; 

6. Валиев Қазбек – Альпинизм және тауға шығу федерациясының бас хатшысы; 

7. Кашкинбеков Арман - БҰҰ Даму бағдарламасының жетекшісі;

8. Шаяхметов Әсет – Алматы облысының "Атамекен" ҰКП директоры;

9. Жумаев Мақсұт – альпинист, Қазақстан Республикасы альпинистер құрамасының капитаны; 

10. Исанова Әсел – КОВШ жастар мекемесінің қызметкері; 

11. Қазыханов Еділ – техникалық ғылымдардың докторы;

12. Қожалиева Тоғжан - қоғам қайраткері; 

13. Малгельдиев Дамир – Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық парктінің бас директоры; 

14. Нысанбаев Ерлан – Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі;

15. Рахимжанов Әлімжан – «Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми зерттеу институты» ЖШС директоры;

16. Сальников Виталий – ҚазҰУ География және табиғи ресурстар факультетінің деканы; 

17. Спицын Сергей - эко-белсенді, кәсіпкер; 

18. Чащин Герман – «Eco Fund Tabigat» қорының төрағасы;

19. Шапағатова Баян – Кэмпинг және караваннинг одағының президенті.

Өзгелердің жаңалығы