2018 жылдағы денсаулық саласына қатысты басты оқиғалар

4 Қаңтар 2019, 11:29
2498
Бөлісу:
2018 жылдағы денсаулық саласына қатысты басты оқиғалар

Астана, BAQ.KZ. 2018 жыл денсаулық саласы жаңалықтарға толы болды. Бұл жылы елімізде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша жаңа заң жобасы әзірленіп, бастапқы медициналық көмек жөнінде Астана декларациясы қабылданды. Биыл қанша адам менингококк менингитінен көз жұмды? Әлем бойынша алғаш рет кімнің жасанды жүрегі донор жүрегіне ауыстырылды? Қазақстан медицина туризмін дамытуды неден бастайды? Медицина саласы төңірегіндегі осы және басқа да сұрақтарға тілші жауап іздеп көрді.

Жаңа заң жобасы әзірленді

Елімізде денсаулық сақтау саласында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша жаңа заң жобасы әзірленді.

«Заң жобасы бірте-бірте дәрі-дәрмектер бағасын реттеуге, дәрілерді жаңаша тіркеуге, оларды электронды түрде сатып алуға, қадағалауға мүмкіндік береді», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой дәрі-дәрмек бағасын реттеу – уақыт талабы екенін айтты.

«Бізде ұлттық дәрі-дәрмекті қадағалау орталығы бар. Оның сайтында барлық дәрі-дәрмектердің бағалары ашық түрде жазылады. Дәрі сатып алушы бағада айырмашылық бар екенін байқаса, шағымдануына болады. Ондай жағдайда дәріханаға айыппұл салынады немесе басқа да шаралар қолданылады», - деді ол.

Жасанды жүрек донор жүрегімен алмастырылды

Әлемде жасанды жүрекпен өмір сүретін 10 адам бар, оның үшеуі Қазақстанда өмір сүреді. Биыл маусым айында Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында сол 3 адамның біреуінің жасанды жүрегі донор жүрегімен алмастырылды.

Carmat жүрегі – толығымен жасанды жүрек, ол жүректі ауыстыра алатын 1000 грамм салмағы бар биопротез. Бірінші Carmat имплантациясының операциясы 2017 жылғы 19 қазанда Астанада жүрек жетіспеушілігі бар 60 жастағы науқас Құнанбай Абыраевқа жасалды. 8 айдан кейін 2018 жылғы 19 маусымда пациентке донорлық жүрек трансплантацияланды. Осылайша, әлемде алғаш рет пациентке қос күрделі ота қатар жасалды.


Медициналық туризм қолға алынады

Қыркүйек айында Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой Парламент Мәжілісінде өткен үкімет сағатында елімізде медицина туризмін дамыту туралы баяндады.

Оның айтуынша, 2017 жылы елімізге емделу мақсатымен келушілер саны артқан. 1680 шетел азаматы ақылы стационарларда ем алып, 23 000 шетел азаматы сауықтыру қызметін, соның ішінде санатория-курорттық ем алған.

«Бұл жерде үлкен потенциал бар. Бізде бәрі біле бермейтін бір бағыт бар, ол – экстракорпоральды ұрықтандыру мен репродуктивті медицина. Мұны шетелдіктер жақсы біледі және әлемнің жетекші елдерінен елімізге көп келеді. Мұндай технологиялар бізде жақсы дамыған. Яғни, біз медицина туризмін дамытуды неден бастайтынымызды анықтадық», - дейді ол.

Елжан Біртанов: Дəрігерлердің жалақысын өсіреміз

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов дəрігерлердің жалақысы кезең-кезеңмен өсетінін айтты.

Оның айтуынша, қазіргі таңда ведомство интенсивті терапияда жұмыс істейтін анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинеколог пен педиатрлардың жалақысын өсіру мүмкіндігі бойынша есептеулер жүргізіп жатыр.

«Əрине, медициналық қызметкерлердің еңбекақысын көтергіміз келеді. Олардың жалақысы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріндегідей орташа экономикада 2,5 есе жоғары болуы тиіс. Əзірге, бізде 85%. Дегенмен, бізде жоспарлар мен жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігі бар. Біз келесі жылдың соңына дейін 110 пайызға, одан кейін 150 пайызға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Осылайша кезең-кезеңмен мамандардың жалақысын өсіреміз», - деді Е.Біртанов Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

«Денсаулық» пойызы өз жұмысын аяқтады


densawlyq002.jpg


Биыл 3 қыркүйектен бастап шалғай елді мекен тұрғындарына көмек көрсеткен медициналық пойыздар жұмысын аяқтады. Үш ай ішінде 41 360 адам терапевт, педиатр, невропотолог, окулист, гинеколог, хирург, уролог, маммолог және тіс дәрігерлерінің көмегіне жүгінген.

«Денсаулық» және «Саламатты Қазақстан» медициналық пойыздары Алматы, Түркістан, Қарағанды, Павлодар, Атырау, Маңғыстау, Қостанай, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарындағы 127 стансада тоқтап, 41 360 адамға медициналық көмек көрсетті. Мұның ішінде 6 мыңнан астам тексеру балаларға жасалды. Терапевт, тіс дәрігері, офтальмолог, маммолог және басқа да мамандарды қамтыған 10 медициналық топ 192 195 дәрігерлік қабылдау өткізді. Сондай-ақ мамандар 67 мыңнан астам диагностикалық емшара және 3 мың шағын хирургиялық операция жасалды», - дейді «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Дияс Әзбергенов.

Астанада әлемдік медицинадағы елеулі оқиға болды

densawlyq003.jpg

2018 жылы 25 қазанда Әлемдегі елдер медициналық-санитариялық алғашқы көмек жүйесін нығайтуға маңызды қадам ретінде Астана декларациясына қол қойды.

Астана декларациясы 1978 жылы дүниежүзілік державалардың көшбасшылары бірінші рет өздерінің медициналық-санитариялық алғашқы көмек қағидаларына адалдығын білдірген Алматыда қабылданған тарихи декларацияны қолдайды.

Конференция барасында үниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус денсаулық – саясаттың ойыншығына айналмауы керек екенін айтты.

«Не өзгерсе де, денсаулық тұрғысынан ештеңе өзгерген жоқ. Әр адам жақсы денсаулыққа лайықты. Денсаулық - еңбектенсең ғана қол жеткізуге болатын сый емес, қалыпты жағдай болуы керек. Себебі, денсаулық – отбасының, қоғамның негізі. Адам денсаулығы ешқашан саясаттың ойыншығына айналмауы керек, керісінше саясат денсаулық саласын дамытуға өз үлесін қосуы керек», - деді ол.

Менингококк менингитінен 15 адам көз жұмды
Жыл басынан бері 85 адамға менингококк менингиті инфекциясы диагнозы қойылған. Оның ішінде 51 жағдай Алматы облысы мен Алматы қаласында тіркелген. Бұл туралы қазан айында өткен баспасөз конференциясында айтылды.

«Менингиттің үш тобының ішінде менингококк менингиті қауіптірек болып саналады. Жыл басынан бері осы диагноз бойынша 15 адам көз жұмды. Қазіргі уақытта менингококктық инфекция диагнозы бойынша жағдай тұрақталды», - дейді Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті төрағасының орынбасары Лаура Ахметниязова.

Биыл денеге бөгде зат енуі салдарынан 275 адам қаза тапты
2018 жылы елімізде 1532 адам «Бөгде дененің табиғи тесіктер арқылы енуінің салдары» диагнозымен емделіп, 275 адам денеге бөгде зат енуі салдарынан қаза болған.

2018 жылғы 9 айдың көрсеткіші бойынша бөгде зат салдарынан көз жұмғандар саны – 275 адам. Оның ішінде Алматы облысында 80 адам, Шығыс Қазақстан облысында 46 адам, Алматы қаласында 26 адам, ал Жамбыл облысында 19 адам ағзасына бөгде зат кіру салдарынан көз жұмған.


Зарина Әбілмәжінова
Өзгелердің жаңалығы