Глубокое кентіндегі Мәдениет үйі жыл соңында пайдалануға беріледі

7 Ақпан 2020, 18:34
1870
Бөлісу:
Глубокое кентіндегі Мәдениет үйі жыл соңында пайдалануға беріледі

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өткен жылы іргесі қаланған Глубокое кентіндегі Мәдениет үйі биыл жыл соңында қолданысқа берілмек.

Глубокое кентіндегі Мәдениет үйін қайтадан салу жобасы былтыр қолға алынған болатын. Бүгінде құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқан нысанның металл құрылымы аяқталып, қабырғалары кірпішпен қаланып жатыр. Облыс әкімі Даниал Ахметов Глубокое ауданына жасаған жұмыс сапары барысында қайтадан бой көтерген нысанның құрылыс
жұмыстарымен тынысты.

Мердігер компания өкілі Жанболат Қазановтың айтуынша, негізгі жұмыстар айдың соңында аяқталып, көктемге қарай ғимараттың шатырын жабу, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары басталатын көрінеді.

Қазіргі уақытта бөлінген қаражаттың тең жартысы, яғни 400 млн. теңгесі игерілді. Қазір құрылыс алаңында 60-қа жуық маман жұмыс істеп жатыр. Қалғандары өндірісте еңбек етуде. Мәдениет үйіне орнатылатын есіктер мен әйнектерді өзіміз жасап, орнатамыз, - дейді Жанболат Қазанов.
Дегенмен, мәдениет үйінің сметалық құжаттамаларын әзірлеу барысында ескерілмеген жайттардың бар екені анықталған. Сондықтан қосымша қаржы талап етілу мүмкін. Аймақ басшысы бұл мәселенің анық-қанығын арнайы құрылған комиссия тексеретінін айтып, әзірге бар қаражатты игеруді тапсырды.

Қоса кетсек, өткен жылы Глубокое ауданында бірқатар проблемалар шешімін тапқан. Оның ішінде жол жөндеу, үй мәселелері бар.  Мәселен, былтыр 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысына 483,7 млн.теңге бөлінген болатын. Сондай-ақ өткен жылғы есептік кездесулер барысында көтерілген мәселелердің басым көпшілігі шешімін тапқан.

Олардың ең ірісі ретінде "Өскемен-Риддер" тас жолының бұрылысынан Малоубинка ауылына дейінгі 10,5 шақырым жолдың жөнделуін, "Ауыл Ел-бесігі" бағдарламасы бойынша Глубокое кентіндегі көшелердің қалпына келтірілуін айтуға болады.

Өзгелердің жаңалығы