Ғабидолла Әбдірахымов Шымкенттегі студенттердің жатақхана мәселесін қалай шешетінін айтты

29 Сәуір 2019, 09:52
3366
Бөлісу:
Ғабидолла Әбдірахымов Шымкенттегі студенттердің жатақхана мәселесін қалай шешетінін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Үкімет отырысында қаладағы студент жастарды жатақханамен қамту мәселесі 2020 жылы толығымен шешілетінін айтты.

Шымкент қаласында 10 ЖОО мен 29 колледжде 106 636 студент жас білім алады. Оның ішінде 6614 студент жатақханамен қамтылған. Жыл басында 8400 жатақхана орнына қажеттілік болған. Қала әкімі осы қажеттілікті жою бойынша қабылданған шараларды атады.  

«2018 жылы жеке кәсіпкерлер мен БҒМ «Қаржы орталығы» АҚ арасында 350 және 200 орындық екі жатақхана салу туралы келісімшарт жасалды. Осы жылы сәуірде 350 орындық үш қабаттық құны 1 млрд 5 млн тұратын жатақхана құрылысы жеке кәсіпкер Қайыпованың қаражатына салынып, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті студенттеріне пайдалануға берілді. Ал құны 700 млн теңгеге 200 орындық 7 қабатты жатақхана құрылысын «Югстройсервис» компаниясы жүргізіп, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі», - деді Әбдірахымов.

Ол Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының өз қаржысы есебінен биыл қыркүйекте пайдалануға берілетін қолданыстағы оқу ғимаратын 450 орындық жатақхана етіп қайта құру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. 

«Әкімдік тарапынан Шымкент әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 5000 орындық жатақхана салу жоспарлануда. Шымкент қаласынан «Шымкент-сити» шағын ауданынан 2 гектар жер бөлініп, 2500 орындық 12 қабатты сегіз жатақхана салынады. Жобалық-сметалық құжаттар дайындалады. Құрылыс жұмыстары осы жылы басталады. Қалған жатақхана орны тапшылығын жою үшін Тұран шағын ауданынан қосымша 4 гектар жер бөлінді. Жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, жеке инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде», - деп айтты Шымкент қаласының әкімі. 

Биыл қалада 1850 орын жатақхана пайдалануға беріледі. Қаладағы студент жастарды жатақханамен қамту мәселесі 2020 жылы толығымен шешіледі.

Бұған дейін бүгін Үкімет отырысында Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов өңірде студенттердің жатақхана мәселесі қалай шешілетінін айтты.


Өзгелердің жаңалығы